Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдануға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ЖИ ШЫНАЙЫ БІЛІМДІ ЫҒЫСТЫРЫП ШЫҒАРМАЙ МА
Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде, оның ішінде мектеп деңгейінде жасанды интеллектті пайдалану жөнінде қоғамда қызу талқылау жүріп жатыр. Халықтың пікірі екіге бөлінді: бірі қолдаса, екіншісі қарсы. Жиі қойылатын сұрақ – «Жасанды интеллект нағыз білімнің орнын басып кетпей ме?» – деді Ерлан Қошанов Парламенттік тыңдауда сөйлеген сөзінде.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі қоғамдағы ала-құлалы көзқарасты айқын көрсетіп отыр: респонденттердің 40,5%-ы жасанды интеллекттің білім саласына оң әсері бар деп есептесе, 37%-ы керісінше, теріс қабылдайды.
Бұл мәліметтер қазақстандықтар ЖИ-ді мүмкіндіктерімен қатар, әлеуетті қауіп көзі ретінде де қарастыратынын көрсетеді. Қызығы, біздің депутаттар да осы тақырыпқа байланысты ChatGPT-ке сұрау жолдады. Алайда жауаптан мәселе нақты бола түсті дей алмаймыз. Бір жағынан, бұл да маңызды нәтиже: ChatGPT өзі де 50/50 деп жауап берді – яғни, артықшылықтары мен тәуекелдері теңдей. Мұның бәрі жаңа технологияларды пайдалану еркіндігі мен ақылға қонымды шектеулер арасында тепе-теңдік табу маңызды екенін көрсетеді. Біз түсінуіміз керек: жасанды интеллект – мұғалімнің орнын басатын құрал емес, ол – көмекші. Ол оқу процесін тиімді етуге ықпал етеді. Бірақ негізгі білім мен сыни ойлау қабілетін қалыптастыру – адамның, яғни мұғалімнің еншісінде. Сондықтан бұл сезімтал салада білімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты ережелер қажет. Менің ойымша, бұл мәселе заңнамалық деңгейде де реттелуі тиіс, – деді Қошанов.
Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы әлемде киберқауіптің артып отырғанына алаң білдірді.
Қазір әлем бойынша кибер шабуылдар саны күрт өсті. Мамандардың өзін шатастыруы мүмкін дипфейк технологиялары кеңінен таралып жатыр. Жеткілікті кибербілімі жоқ қолданушылар осыған түсіп қалып жатады. Болашақта цифрлық алаяқтықтың жаңа түрлері де пайда болуы мүмкін. Киберқауіптер – шекараны бұза береді, шабуылдар әлемнің кез келген нүктесінен жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірде-бір мемлекет бұл қауіптерге жеке өзі қарсы тұра алмайды. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызы артып келеді, – деді Ерлан Қошанов.