Түркістанда қалыңдығына барған жігітті азаптап өлтіргендерге үкім шықты

Түркістан облысында 30 жастағы Әзиз Құралбаевты азаптап өлтіргендерге сот үкімі шықты. Жас жігіт үш ай бойы ес-түссіз комада жатып, көз жұмған болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙЫ
Қайғылы оқиға Мақтаарал ауданында болған. Әзиз сүйіктісімен кездесу үшін көрші ауылдан келгенде алты жігіт тап береді. Олар Әзизді көліктен күштеп шығарып, ұрып-соғып, алкоголь ішкізіп, денесіне темекі басты. Бұл туралы өткен аптада кеңірек жазған болатынбыз (реплай).
25 қыркүйекте сот үкімі шықты. Алайда алты күдіктінің тек төртеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Үшеуі үш жылға бас бостандығынан айырылса, біреуі сегіз жылға сотталды.
ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙДІ
Марқұмның туыстары бұл үкіммен келіспейді. Олар жаза тым жеңіл деп есептейді. Әзиздің бауыры олардың адамды өлімші етіп сабағандары, ал берілген жазаның түкке тұрмайтынын айтты. Мұны әділетсіздік деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда қоғамды селт еткізген тағы бір жағдай болған еді. Әлеуметтік желіде науқас әкесін аяусыз ұрған ер адамның видеосы тарады. Қазір аталған оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.