Әскери шығындар тағы үш жыл бойы Ресей бюджетінің басым бағыты болып қала береді

2026 жылы Ресейде қорғаныс пен қауіпсіздікке бюджет шығынының үштен бірінен астамы жұмсалмақ. Бұл шығындарды жабу үшін билік ҚҚС мөлшерлемесін көтеріп, жаңа салықтар енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды DW.
Ресей үкіметі 24 қыркүйек, сәрсенбі күні 2026–2028 жылдарға арналған бюджет жобасын мақұлдады. Құжатта негізгі басымдық тағы да әскери шығындарға берілген – келесі жылы әскерге, полицияға және арнайы қызметтерге барлық қаржының 38 пайызы бағытталмақ.
Жобаға сәйкес, қорғанысқа 12,6 триллион рубль, ал ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тағы 4,1 триллион рубль бөлінеді. Бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 7,1 пайызына тең. 2025 жылы да билік соғыс пен қауіпсіздікке шамамен 17 триллион рубль немесе ЖІӨ-нің 8 пайызын жұмсауды жоспарлаған, алайда нақты шығын бұдан да жоғары болған.
Reuters агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы «Ұлттық қорғаныс» бабы 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 1 триллион рубльге азайған. Ал полиция, Росгвардия және арнайы қызметтерді қаржыландыратын «Ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау қызметі» бабы бойынша шығын 2026 жылы керісінше 0,5 триллион рубльге көбейеді.
Соғысқа байланысты салық өседі
Жаңа шығындарды өтеу үшін Қаржы министрлігі қосылған құн салығын (ҚҚС) 20 пайыздан 22 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Ведомство есептеуінше, бұл шара үш жылда бюджетке қосымша 4,4 триллион рубль түсіреді.
«Жоспарланған қаражат қарулы күштерді техника және қару-жарақпен қамтамасыз етуге, әскери қызметшілерге жалақы төлеуге, олардың отбасыларын қолдауға және қорғаныс өнеркәсібін жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деді қаржы министрі Антон Силуанов.
Экономикалық қысым күшейді
Ресей бюджеті Украинадағы соғыс, санкциялар және мұнай-газ кірісінің төмендеуі салдарынан қысым көруде. Сонымен қатар Кремль әлеуметтік міндеттемелерді және Владимир Путиннің сайлауалды уәделерін орындауы тиіс, бұл салықты көтеруді сөзсіз етеді.
Экономика министрлігі 2025 жылы ЖІӨ өсімі 2024 жылғы 4,3 пайызбен салыстырғанда бар болғаны 1 пайызға жетеді деп болжайды. 2026 жылға экономиканың 1,3 пайыздық шамалы өсуі болжанған.
Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков РБК радиосына берген сұхбатында ҚҚС көтеру экономиканың соғысқа «шаршағанын» білдірмейді деп мәлімдеді: «Экономика арнайы әскери операция қажеттіліктеріне бейімделді, сондықтан фронттың барлық сұранысы артығымен қамтамасыз етіліп отыр».