Жаңалықтар

«Назарбаевтың адамдары» 500 млн долларға Франциядағы вилламды сатып алмақ болған – ресейлік экс-бизнесмен

«Газпромнефтьтің» бұрынғы тең иесі Шалва Чигиринский Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар Францияның Лазур жағалауынан оған арнап сәнді вилла сатып алмақ болғанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Чигиринский мұны ресейлік журналист Юрий Дудьке берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, оған бұл жылжымайтын мүлік үшін жарты миллиард доллар ұсынған.

Сұхбатында кәсіпкер бұл мүліктің Лазур жағалауында орналасқанын баяндады. Қоныс 3,2 гектар жерді алып жатқан: бас үйде – 15, қонақ үйде тағы алты жатын бөлме бар. Екі бассейн, тікұшақ қонатын алаң және кейін шарап жертөлесіне айналған бомбаға қарсы паналау орны да болған.

«Маған бұл вилла үшін „Газпром“ түпкілікті төлеген сомадан әлдеқайда жоғары баға ұсынды. Бағалау жарты миллиард долларға дейін жетті. Назарбаевтың адамдары оны жазғы резиденция етуге ниетті болды. Оларға тікұшақ қонатын алаң, екі бассейн және көп санды жатын бөлме қажет еді. Мұндай виллалар мүлде сирек кездеседі», – деді Чигиринский.

Ол бұл вилланы 2001 жылы Заирдің бұрынғы диктаторы Мобуту Сесе Секоның отбасынан 14,5 миллион долларға сатып алып, қалпына келтіруге тағы 25 миллион жұмсаған. 2009 жылы Чигиринский мүлікті «Газпромнефтьке» шамамен 70 миллион долларға сатқан. Кейін француз БАҚ-ының жазуынша, үйде ресейлік гимнаст Алина Кабаева тұрған. Қазір вилла жалға берілген, бірақ Францияда ақша жымқыру ісі аясында тәркіленген.

Back to top button