Перизат Қайрат ісі: апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды

Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның қорғаушылары түсірген шағымды қарады. Адвокаттар залалды дәлелдейтін айғақтардың жоқтығын және процессуалдық заңбұзушылықтарды алға тартып, алаяқтық бабы бойынша үкімді жоюды және ақтау шешімін шығаруды талап еткен.
Сот бұл уәждерді негізсіз деп тауып, алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша жаза мерзімі күшінде қалды: Перизат Қайрат – мүлкін тәркілей отырып 10 жылға бас бостандығынан айырылды және 10 жыл бойы қайырымдылық саласында қызмет етуге тыйым салынды; Ғайни Алашбаева – дәл осындай тыйыммен 7 жылға сотталды.
2025 жылдың шілдесінде бірінші сатыдағы сот оларды аса ірі көлемде алаяқтық жасады және заңсыз жолмен алынған табысты жымқырды деп кінәлі деп таныған еді. Тергеу мәліметінше, Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 бірлестігі арқылы шамамен 3,5 млрд теңге жиналып, мұқтаж жандарға көмек көрсету орнына жеке сатып алуларға жұмсалған.
Апелляциялық шешімге кассациялық тәртіппен шағым түсіруге болады.
Перизат Қайрат пен оның анасы 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Тергеу жиналған қаражаттың су тасқынынан зардап шеккендерге, мүгедек балаларға және Палестина тұрғындарына көмекке емес, жылжымайтын мүлік пен автокөлік алуға бағытталғанын анықтады. Соттың қаулысымен олардың кейбір мүлкі тәркіленіп, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсалмақ.