ЕрекшеЖаңалықтар

Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеруді талап етті

Мәжілісмен өз сауалында Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау керектігін айтты. Осы талаппен Ринат Зайыт Бас прокуратураға сауал жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ринат Зайыт сөз арасында Қаржы министрлігі жанындағы Активтерді қайтару комитеті олигархиялық топтардың және жекелеген ықпалды тұлғалардың күмәнді байлығына қатысты тергеу шараларын күшейткені қуантатынын айтты. Депутаттың сөзінше, кеше ғана Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылды деген ақпарат шыққан. Сонымен бірге, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынды. Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылған.

“Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі деректер айтылып жүр. Әсіресе атышулы «Алтын орда» базарына қатысы жиі сөз болады. Алайда аталған нысандардың жоғарыда тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанымен, процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр”, – дейді ол.

Осыған байланысты депутат Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті. Сонымен бірге, аталған қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді етіп, «Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау керектігін айтты.
Back to top button