Перизат Қайраттың ісі аппеляция сатысында қаралып жатыр
Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасында Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваның үкімге қатысты апелляциялық шағымы қаралуда, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ
Қорғаушы Асланбек Даулетияровтың айтуынша, Перизат Қайратқа қатысты іс азаматтық-құқықтық сипаттағы қатынастарға негізделген. Сондықтан бұл дауды қылмыстық процесс шеңберінде қарау заңға қайшы. Қорғаушының сөзінше, айыптаушы тарап ұсынған дәлелдер өзара қайшы, бір-бірін теріске шығарады.
Ал Перизат Қайрат, куәгерлердің мәліметіне сүйенсек, шамамен 1 миллиард теңгені қайырымдылық мақсаттарына бағыттаған. Бұл оның қоғамдық қызметін растайды, – деді ол.
Адвокат сондай-ақ Гайни Алашбаеваға тағылған айыптар да негізсіз екенін алға тартты. Себебі жәбірленушілер тарапынан оған ешқандай талап қойылмаған, ал қордағы қаражаттың оның шотына тікелей аударылғаны туралы дәлелдер жоқ.
2024 жылғы 14 қарашада Перизат Қайраттың қатысуымен жүргізілген тінту кезінде тәркіленген заттар, құжаттар мен әшекейлер дәлел ретінде жарамсыз деп танылуы тиіс. Себебі бұл тергеу әрекеті барысында қылмыстық-процессуалдық заңнама талаптары өрескел бұзылған. Бейнежазбада Перизат Қайраттың тергеушіден адвокат шақыруға рұқсат сұрағаны, телефон соғуға тырысқаны анық көрінеді. Алайда телефоны тінту басталмай тұрып тәркіленген. Ал хаттамаға керісінше, тінту кезінде табылды деп жазылған. Яғни бейнематериалда көрініс тапқан жағдайлар мен ресми құжаттағы деректер бір-біріне сәйкес келмейді, – деді Даулетияров.
САРАПТАМАҒА ЗЕР САЛСАҚ
Бұдан бөлек, оның айтуынша, тәркіленген киім-кешек пен әшекей бұйымдарға қатысты сараптамада олардың түпнұсқа екендігі немесе жалғандығы тексерілмеген. Бұл жайт олардың нарықтағы бағасын, соған сәйкес айыптау сомасын айтарлықтай өзгертуі мүмкін.
Қорғаушы процестегі дәлелдердің жиынтығы айыпталушылардың кінәсі дәлелденбегенін, әрі олардың әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығын көрсететінін алға тартты.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 25 шілдеде Астана қалалық соты Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айырып, оған қайырымдылық қызметпен айналысуға тыйым салған. Оның анасы Гайни Алашбаеваны да кінәлі деп танып, жаза тағайындаған болатын.
Кейін адвокат аталған үкімге апелляциялық шағым түсірілетінін мәлімдеген еді.