Президент Тоқаев Жолдауында ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыруға келгенде қазіргі ахуалды ұят жағдай деп атаған еді. Осы сынды Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қалай қабылдады? Бұл сұрақты Tizgin.kz порталы екі министрдің өзіне қойды.
ШАҚҚАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ
Арман Шаққалиев “Президенттің айтқаны – орындалды” деген сөз деді (?) Оның сөзінше, Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін министрлер бар күшін салады.
“Қазақстанда жасалған өнімдерді қолдау үшін биылдан бастап өзгеріс енгіздік. Қазір сауда сөрелеріндегі азық-түліктің кемі 50 пайызы өзіміздің елде жасалған өнімдер тұруы керек. Біз соған жол аштық. Ол – талап, міндет. Оған қоса биылдан бастап мемлекеттік қолдау арқылы сауда желілерінің жаңартылуына, айналым ақшасын көбейту үшін қаражат беріп жатырмыз. Олар қарсы міндеттеме ретінде олар 20 пайыз азық-түлік емес отандық өнімдерге сауда сөрелерін беруі керек. Біздің мақсат – отандық өнімге жол ашу”, – дейді Шаққалиев.
САПАРОВТЫҢ ЖАУАБЫ
Айдарбек Сапаров өз кезегінде Президент кемшіліктерді айтса, оны “әрине, мойындаймыз және орындаймыз” деп жауап берді.
“Жоспарымыз бар. Былтыр өсімдік шаруашылығына өте көп көңіл бөлініп, соның арқасында біраз мәселе шешілді. Екі жылда соның арқасында рекордық өнім алып отырмыз. Бірақ мал шаруашылығына биылдан бастап көңіл бөлінді. Себебі көп мәселе қаржыландыру мәселесіне тірелді. 50 млрд теңге бөлінді. Ендігі жылы мал шаруашылығын 200 млрд теңгеге дейін қаржыландыру мәселесі шешіледі. Сонда шаруаларға үлкен қолдау болып, соның нәтижесін көреміз”, – деді Сапаров.
ТОҚАЕВ “ҰЯТ ЖАҒДАЙ” ДЕП НЕНІ АЙТТЫ
Еске сала кетейік, биыл Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы азық-түлік нарығында импорттың басымдығына назар аударып, бұл жағдайды «ұят» деп атаған еді. Мемлекет басшысы үкіметтің негізгі міндеті – ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру және қазақстандық тауарлардың экспортын дамыту екенін атап өткен.
“100% өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес және оған ұмтылу да қажет емес. Бірақ қазіргі біздің нарықтағы жағдай – бұл ұят нәрсе. Сонымен қатар дәстүрлі ұлттық өнімдерді шетелдік нарыққа белсенді түрде ілгерілету қажет. Сол үшін логистика, ветеринарлық және эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, аграрлық экспорттың нақты жоспары жасалуы тиіс. Бұған қоса, сауатты маркетингтік стратегиялар керек. Бұл тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органдардың міндеті, сондықтан үкімет деңгейінде үйлестіру қажет”, – деді Тоқаев.
Сонымен бірге Тоқаев Үкіметке Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның ұстанымын күшейтуді тапсырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram