Ерекше

Түркістан соты науқас өмірін құтқару үшін жылдамдықты арттырған кардиохирургке айыппұл салмайтын болды

Түркістанда жылдамдықты арттырған аурухана қызметкеріне салынған айыппұл күшін жойды, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

СОТ ҚАЛАЙ БАҒАЛАДЫ

Ресми ақпаратпен облыстық сотының баспасөз қызметіндегілер бөлісті. Іс материалдарына сәйкес, көлікті Түркістан орталық ауруханасының кардиохирургі басқарды. Ол жедел миокард инфаркті диагнозы қойылған науқасқа шұғыл жүрек отасын жасауға бара жатқан. Осы сәтте полиция қызметкерлері көліктің алдыңғы терезелеріне перде орнатқаны үшін оны тоқтатып, хаттама толтырған.

«Тәртіп сақшылары жағдайдың шұғылдығын түсінген соң, дәрігердің көлігін қызметтік көлікпен ілестіріп жүруді ұсынған. Майкотов көшесі бойында келе жатқанда дәрігер белгіленген жылдамдықты асырып, бұл арнайы техникалық құралдармен тіркелді. Осыған байланысты оған айыппұл төлеу туралы ұйғарым шығарылған», – деп мәлімдеді сот өкілдері.

Алайда сот дәрігердің әрекетін төтенше жағдай барысында жасалған деп бағалап, айыппұл туралы ұйғарымды жойды. Іс өндірістен қысқартылды.

Ал терезеге перде орнатқаны үшін салынған айыппұлды дәрігер өз еркімен төлеген.

Back to top button