Бүгін кешке Парижде әлем футболындағы ең маңызды марапат – «Алтын доп» табысталады, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
France Football журналы тағайындайтын бұл жүлде 2024/25 маусымының қорытындысы бойынша жылдың ең үздік футболшысына табысталады. Салтанатты рәсім әйгілі Шатле театрында өтпек.
Еуропалық БАҚ-тың хабарлауынша, осы жолы Лионель Месси мен Криштиану Роналду өзара бәсекеге түспейді. Ерекшелігі де сол екен. Есесіне талантты ойыншылар: Ламин Ямал мен Усман Дембеле арасындағы тартысты тамашалайды.
«Футболдың қос алыбы сахнадан кеткен соң, «Алтын доп» жарысы енді Ламин Ямал мен Усман Дембеле арасында өрбіп отыр», – деп жазады Bein Sports телеарнасы.
Дембеле ПСЖ сапында үнемі әдемі ойын өрнегін көрсетсе, «Барселонаның» 18 жастағы вундеркинді Ламин Ямал сарапшылар мен жанкүйерлердің басты фаворитіне айналды.
2024/25 маусымында Ямал 21 гол соғып, 22 нәтижелі пас беріп, Ла Лига, Испания Кубогы мен Суперкубогындағы жеңістерде шешуші рөл атқарды.
– «Егер Ламин Ямал «Алтын доп» иеленсе, бұл оның тек жеке шеберлігі ғана емес, Мессиден кейінгі қайта құрылу кезеңіндегі «Барселона» клубының жүйелі жұмысын да айта кеткен орынды», – дейді футбол сарапшылары.
Ал Усман Дембеле Луис Энрике жаттықтырып отырған ПСЖ-да ойынын қайта тауып, командасының Чемпиондар лигасын жеңуіне үлес қосты. Дегенмен сарапшылар пікірінше, Ямалдың тұрақтылығы мен «Барселонадағы» көшбасшылық рөлі оны басты үміткерге айналдырып отыр.
Жүлдені ала алмаса да, Ламин Ямалдың болашағы айқын. Ол келер жылдарда да «Алтын доп» алуға басты үміттілерді бірі болып қала бермек. Жас шабуылшының қарқыны Еуропа мен әлем футболында ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.
Айта кетейік, бұл жолы «Алтын доп» УЕФА-мен бірлесіп екінші рет табысталмақ.
Өткен жылы марапатқа ағылшындық «Манчестер Сити» командасында өнер көрсететін испандық жартылай қорғаушы Родри лайық деп танылған болатын.
«Алтын доп» – ойыншының жеке жетістіктері, командасымен бірге қол жеткізген табыстары және «фэйр-плэй» принциптеріне сай ойын өрнегі негізінде беріледі. Дауыс беретін қазылар алқасы – ерлер рейтингінде ФИФА тізіміндегі үздік 100 елден, әйелдер санатында үздік 50 елден келген спорт журналистерінен құралған. Әрбір қазы 30 үміткердің ішінен 10 ойыншыны таңдап, ұпай санымен тізім жасайды. Егер бірнеше ойыншы бірдей ұпай жинаса, бірінші орын алғандар саны шешуші болады.
Биылғы үміткерлер тізімінде «Реал Мадрид» клубының ойыншылары – Килиан Мбаппе мен Винисиус Жуниор де бар. Олар клуб пен Ұлттық құрамалар сапында жоғары деңгейдегі тұрақты ойын үлгісін көрсетіп келеді. Айта кетсек, дәл осы «Реал» футболшыларына қарсы Алматыда «Қайрат» ойыншылары келесі жолы жолдастық кездесу өткізбек.