
Израиль Ұлыбритания, Канада және Австралияның Палестинаны мойындау мәлімдемесін қабылдамады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Израиль Ұлыбритания және өзге де кейбір елдер жасаған Палестина мемлекетін біржақты мойындау туралы мәлімдемені түбегейлі жоққа шығарады. Бұл мәлімдеме бейбітшілікке ықпал етпей, керісінше – өңірді одан әрі дестабилизациялап, болашақта бейбіт шешімге қол жеткізу мүмкіндігін әлсіретеді», – делінген Израиль Сыртқы істер министрлігінің X-тегі хабарламасында.
Бұған дейін Ұлыбритания, Канада және Австралия билігі Палестинаны егемен мемлекет ретінде ресми түрде мойындайтындарын мәлімдеген еді.
Алғаш болып Палестинаны мойындау туралы шешім қабылдағанын Канада премьер-министрі Марк Карни жариялады. Ол бұл қадам «Палестина мен Израиль үшін бейбіт болашақ құруға бағытталған» екенін атап өтті.
Австралия премьері Энтони Албаниз ХАМАС тобы Палестинаның болашағында рөл атқармауы тиіс екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол билік реформалар жүргізіп, демократиялық сайлау өткізуі керектігін айтты.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл шешім қақтығысты шешуге ықпал ету мақсатында қабылданғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ол ХАМАС өкілдеріне қарсы санкция дайындауды тапсырған, бұл қозғалыстың мүмкіндіктерін шектеу үшін қолға алынған шара.