ЕрекшеЖаңалықтар

Қостанайда Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылды

Мәжіліс төрағасы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты, деп хабароайды Аманат партиясы.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты. Көрнекті қайраткер, Алаштың аяулы перзентінің еңселі ескерткіші Қостанай қаласында бой көтерді. Салтанатты іс-шара барысында Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

“Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз, – делінген Президент құттықтауында.

Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік пен М.Дулатұлының жиені Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйлеп, Алаш қайраткерінің рухына тағзым етті.

Back to top button