Трамп Қытайдан TikTok-ты “тартып алуға” дәмелі
АҚШ президенті бұл қосымшаның сайлауда жеңіске жетуіне сеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
НЕ БОЛДЫ
Трамп Ұлыбританияға сапары барысында TikTok қосымшасының тиімділігін ашық айтты. Бұл туралы The Independent басылымы хабарлады. Айта кетерлігі, алғашқы президенттік мерзімі кезінде Трамп дәл осы қосымшаны ұлттық қауіпсіздік үшін қауіпті құрал деген болатын.
МӘН-ЖАЙЫ
Басылым мәліметінше, Дональд Трамп Ұлыбританияға екінші мемлекеттік сапары аясында елдің премьер-министрі сэр Кирмен бірлескен баспасөз мәслихатына қатысты. Сол кезде TikTok-тың АҚШ-тағы операцияларын америкалық иелерге сату жөніндегі Қытаймен жүргізілген келіссөздер туралы сұраққа жауап берді.
АҚШ президенті жұма күні Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен осы келісім жобасын талқылайтынын айтты. Оның айтуынша, «даулы» болып отырған бұл қосымша «зор құндылыққа ие».
Маған TikTok ұнайды. Ол менің сайлауда жеңіске жетуіме көмектесті, – деді Дональд Трамп.
ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҰНАҒАН
Дональд Трамп 2024 жылғы сайлауалды науқаны кезінде TikTok қосымшасына қосылып, оны жас сайлаушылармен байланыс құралы ретінде пайдалануға кеңес берген, кейін бақилық болған белсенді Чарли Кёркке алғыс білдірді.
– Жстармен жұмыс істеуде керемет нәтиже көрсеттік. Бұған дейін бірде-бір республикашыл белсенді ондайды армандай да алмаған. Білесіздер ме, біз көптеген себеппен жеңіске жеттік. Бірақ дәл осы қадам – сайлауда үлкен басымдықпен жеңуімізге себеп болды, – деді Трамп.
БҰРЫН ЖАҚТЫРТПАЙТЫН, ҚАЗІР МАҚТАУЫН АСЫРАДЫ
Басылымның жазуынша, TikTok-қа деген қазіргі жылы көзқарас Трамптың 2020 жылғы ұстанымына мүлде қарама-қайшы. Ол кезде президент TikTok-ты жауып тастау қаупін төндіріп, қосымшаның қытайлық иесі ByteDance-ке АҚШ-тағы жұмысын тоқтату жөнінде жарлық шығарған болатын.
КЕЛІССӨЗ ЖҮРІП ЖАТЫР
18 қыркүйек күні Дональд Трамптың айтқан мәлімдемесі TikTok-ты тыйым салу жөніндегі 2024 жылғы заңның күшіне енуін кейінге шегеру туралы жарлықтан кейін бірнеше күн өткен соң жарияланды. Президент Әділет министрлігіне келіссөздер аяқталғанша аталған заңды тоқтата тұруды тапсырған болатын. Келіссөздер TikTok платформасының бақылауын америкалық тарапқа беруді көздейді.
Аталған жарлық қосымшаны АҚШ аумағында пайдалануға тыйым салатын заңның күшіне ену мерзімін 16 желтоқсанға дейін шегереді.