Петропавл қаласындағы Qazaq Oil жанармай құю бекетінде бензинді жеткізбей құю жағдайы тіркеліп, “PetroRetail” ЖШС-ға 1,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ТҰРҒЫННАН ШАҒЫМ ТҮСКЕН
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Аталған жағдай қала тұрғынының шағымынан кейін анықталған. Ол стансалардың біріндегі заңбұзушылықтар туралы тиісті органға хабарлады. Шағым түскен соң Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді.
“Тексеру барысында жанармай құю колонкасынан (ТРК) шығарылатын отын көлеміне бақылау өлшемдері жүргізілді. Бұл үшін сыйымдылығы 20 литр болатын, мемлекеттік тексеруден өткен М2р-20 өлшеуіш қолданылды. Норматив бойынша 20 литр жанармай құйылған кезде рұқсат етілетін ауытқу мөлшері ±80 мл шегінде болуы тиіс. Алайда жүргізілген өлшеу нәтижелері бұл шектен асқан ауытқудың бар екенін көрсетті”, – делінген ресми хабарламада.
КОМПАНИЯҒА НҰСҚАМАҒА БЕРІЛДІ
Ең өрескел бұзушылық №1 ТРК-да тіркелді – 120 мл, яғни рұқсат етілген шектен 40 мл артық. №4 ТРК-да ауытқу одан да көп – 140 мл. Мұндай бұзушылықтар үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында жауапкершілікке тарту қарастырылған.
Нәтижесінде “PetroRetail” ЖШС-ға қысқартылған әкімшілік өндіріс тәртібімен 1 179 600 теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, компанияға арнайы нұсқама беріліп, белгіленген мерзім ішінде жанармай құю құрылғыларына техникалық реттеу жұмыстары жүргізілген.