Ерекше

Қазақстандықтардың ғұмыры ұзарып келеді

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасты құрады, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

ӨСІМ ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ БАЙҚАЛАДЫ

Ranking.kz ақпаратынша, бұл 2023 жылғы көрсеткішпен (75,1 жас) салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш 79,42 жасқа дейін ұлғайса, ерлерде – 71,33 жас. Бір жыл бұрынғы деректермен салыстырғанда бұл көрсеткіштер тиісінше 79,06 және 70,99 жас болған.

Мұндай өсім тек Қазақстанда ғана емес, жаһандық деңгейде де байқалады. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сынды халықаралық ұйымдар әлем елдері арасында ұзақ жасайтын адамдар қатары көбейгенін ерекше атап жатыр.

1913 жылы әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 34 жыл болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 72 жасқа жеткен. Сарапшылар бұл ұзақ мерзімді өсім алдағы уақытта да жалғасады деп болжайды.

БҰҰ МЕН ДДСҰ ҚҰРЫЛҒАН КЕЗДЕГІ КӨРСЕТКІШ

Қызығы сол, 1970 пен 2020 жылдар аралығында барлық елде туу көрсеткіштері төмендеген. БҰҰ мен ДДСҰ құрылған шақта 15 жасқа дейінгі балалар саны 65 жастан асқан адамдардан 7 есе көп болса, 2050 жылға қарай бұл екі топтың саны шамамен теңеседі. Ал 80 жастан асқан адамдар үлесі 2000 жылдан 2050 жылға дейін 4 есе өсіп, 5%-ға жуықтайды деп күтілуде.

Бұл демографиялық өзгерістер алдағы ондаған жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесіне, әлеуметтік қамсыздандыруға және экономикалық тұрақтылыққа зор салмақ түсіреді, – дейді ХВҚ сарапшылары.

Ranking.kz-тің жазуынша, БҰҰ мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жүргізген зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда да халықтың қартаюы – бірқалыпты жалғаса бермек.

Back to top button