ЕрекшеЖаңалықтар

Ақша жетпейді: Павлодар әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылға қалды

Павлодар тұрғындары әуежайсыз тағы бір жыл қалды. Жаңартылған әуе айлағын қараша айында іске қосу жоспарланған еді, алайда қайта құру жұмыстары созылып кетті, деп хабарлайды «31 арна».

Әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеуге шамамен 16,5 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың тек жартысына жуығы аяқталды. Әлі де жаңа асфальт төсеу, жарық-сигналдық қондырғылар мен қоршаулар орнату қажет. Жұмыстардың келесі жылға шегерілу себебі – қаржы тапшылығы. Көлік министрлігі жөндеуге қаржыландыру жөніндегі өтінімді үш рет кері қайтарған.

«Республикалық бюджеттен 9,3 млрд теңге жетіспейді. Биыл біз бірнеше рет бюджетке өтінім бердік, бірақ, өкінішке қарай, қолдау таппады. Сондықтан Павлодар әуежайының реконструкциясын 2026 жылға шегеру туралы шешім қабылданды. Қаржы бөлініп, қолайлы ауа райы орнаған жағдайда, жұмысты сәуір айында бастап, қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар.

Бастапқыда Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу 2024 жылдың кеш күзінде аяқталады деп күтілген, алайда мердігерді анықтауға арналған ұзақ конкурстық рәсімдерге байланысты мерзім қайта қаралды.

Атырау, Ақтөбе және Павлодар әуежайлары бұрын «Қазақстан темір жолы» құрылымындағы Airport Management Group компаниясының сенімді басқаруында болған. 2018 жылдың қарашасында үш әуежайдың бірыңғай акция пакеті сатылымға қойылғанымен, өтінім түспеуіне байланысты конкурс өтпей қалды. 2019 жылы бұл үш әуежай облыс әкімдіктерінің коммуналдық меншігіне берілді.

Back to top button