Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі Tizgin.kz порталына берген ресми жауабында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісін қарау барысында төрағалық еткен судья Әбинұр Қарабаевтың тілін шығарғаны теріс қылық ретінде танылғанын хабарлады.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Еске салайық, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісін қарау барысында төрағалық еткен судья Әбинұр Қарабаев бейнежазба жасап отырған журналистке тілін көрсетіп, оғаш қылығымен ел назарына іліккен болатын. Оның бұл әрекеті қоғамда үлкен сұрақ туғызған. Tizgin.kz порталы осыдан кейін Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевке ресми сауал жолдаған еді.
РЕСМИ ЖАУАПТА СОТ НЕ ДЕЙДІ
Асламбек Мерғалиевке жолданған ресмит сауалдың жауабы Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Болат Жоламановтан келді. Жауапқа сәйкес, сот әдебі жөніндегі комиссиялар қоғамдық негізде жұмыс істейді, олардың басты міндеті – судьялардың сот әдебін сақтау мәселелерін қарау.
“2025 жылы 28 тамызда Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Шымкент қалалық филиалының Судья әдебі жөніндегі комиссиясы сот төрелігін жүзеге асыру кезінде дұрыс емес мінез-құлыққа жол бергені үшін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ә.Қарабаевтың іс-әрекетін қарап, судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасаған дерегі танылып, судья әдебін бұзуға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселесін шешу үшін Сот жюриіне жолдау туралы шешім қабылданды”, – делінген жауапта.
Сонымен бірге, Сот әкімшілігі судьяларды тағайындау, босату, тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері Жоғары Сот кеңесінің құзіретіне кіретінін хабарлайды.