ЕрекшеҚоғам

Өскемен қаласының прокуроры қызметінен шеттетілді

Қала прокуроры Тимур Чақпантаевтың қызметінен уақытша шеттетілгені туралы ақпаратты Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы растады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Әлеуметтік желілерде Чақпантаев бағыныштыларын соққыға жықты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді.

Өскемен қаласының прокурорына қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. «ҚР құқық қорғау қызметі туралы» заңына сәйкес, ол өзіне қатысты жауапкершілік туралы шешім қабылданғанша уақытша қызметінен шеттетілді, – деп хабарлады облыстық прокуратура.

Сондай-ақ ведомство мәліметінше, бұған дейін қалалық прокуратураның өзге де қызметкерлеріне қатысты тексеріс жүргізілген. Тексеру барысында бірқатар дерек расталып, қызметтік этика нормаларын бұзғаны үшін бірнеше қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Тимур Чақпантаев Өскемен қаласының прокуроры қызметіне 2024 жылғы маусым айында тағайындалған. Бұған дейін ол Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры қызметін атқарған.

БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БҰҒАН ДЕЙІНГІ АҚПАРАТЫ

Айта кетейік, 15 қыркүйекте Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін алғашқы сот инстанциясы Әбдіровтің әрекетінен құқықбұзушылық белгілерін таппаған болатын. Алайда апелляциялық сот бұл қорытындыны негізсіз деп тауып, нәтижесінде прокурорға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл оқиға оның еңбек демалысы кезінде болған. Air Astana әуе компаниясының өкілдері жолаушыларға тиіскені және оларды қорлап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін шағым түсірген.

Ал 12 қыркүйекте Бас прокуратура Павлодар облысының прокуроры алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.

Back to top button