«Балаңды құшақтап жыла» деді: бірнеше әйел блогер Самат Бекебаевке алданғанын мәлімдеді

Әлеуметтік желіде танымал блогер Самат Бекебаевке қарсы бірнеше әйел шағымданып, журналист Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тоғжан Сембаева атты азамат алғаш “Самат Бекебаевке алдандым” деп қоғамнан араша сұраған. Айтуынша, мүгедек баланың емі үшін жиналған қаражаттың басым бөлігін қалтасына басқан. Әйелдердің айтуынша, науқас балалары бар аналарға Самат шығып, әрбірін сценарий бойынша жылатып, ақша жинап, кейін сол ақшаны әйелдерден өзі алып отырған.
“2025 жылы қаңтарда Инстаграм парақша аштым. Жетісі күні Самат деген жігіт көмектесем деді. Қарасам 500 мың оқырманы бар екен. Өте қатты қуандым. Құдайдан кейінгі Самат деп ойладым. Үйге келгенде «менің айтқанымды істейсіз, сонда ғана ақша табасыз» деді. Жарайды дедім. Қасында Ақжан деген мобилограф «жылаңыз, жылаңыз» деп басыма орамал орап, үстіме халат кигізіп, тізерлетіп, жылатып, «уа халқым көмек сұраймын» деп өкіртіп жылатты. Қып-қызыл болып жыладық қой. Төртінші баламды алып шықты. Аяғныа резеңке тәпішке, үстіне куртка кигізді. Баламды солай киіндіріп, фар жуатын бала қылып көрсеткен. Балаға видеода берген 78 мың теңгені де өзімнен алды. Ақыры, көмекке жиналған 2,7 млн теңгенің 2 млн теңгесін өзі әкетті”, – дейді Тоғжан.
“Саматқа алдандым” деген тағы бір әйел де ДЦП баласын құшақтатып, өкіртіп жылатқанын есіне алады.
“Қырсыққанда көзімнен жас шықпай қойды. Бір кездері Самат пен мобилограф екеуі екі жақтан “сіздің балаңыздың құрдастары мектепке барып жүр” деп айта бастаған кезде ағыл-тегіл жыладым. Сол кезді түсіріп алды ғой”, – дейді ол.
Гүлжан баласының видеосы бір күн ғана тұрғаннан кейін алынып тасталғанын айтады. Жиналған бар-жоғы 100 мың теңгені Саматтың өзі алып алды дейді.
Тоғжанның айтуынша, алданған әйелдердің саны көп. Руслан Өтепбай сұхбатқа Саматтың өзін де шақырғанын айтады. Алайда блогер сұхбатты кейін беруге уәде еткен. Осы сұхбаттан кейін Самат Бекебаев желідегі посттарының пікір алаңын шектеп үлгерген. Ал әйелдер оны жазалауды талап етіп отыр.