“Екі-үш кредитті біріктіріп төлеуге болады” деген ақпарат шыққалы Tizgin.kz порталына көп оқырман хабарласып, бұл тетік қалай іске асатынын сұраған. Осыған орай Tizgin.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовты сөзге тартып, сұрақтарға жауап алды.
ҚИЗАТОВ НЕ ДЕЙДІ
Олжас Қизатовтың сөзінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблемалық қарыздарды ұжымдық тұрғыда реттеу үшін арнайы цифрлық платформа әзірлеген. Енді банктер осы платформаға бірігуі керек.
“Егер банкте немесе микроқаржылық ұйымда төлей алмай жатқан кредитіңіз болса, соған жүгіне аласыз. Бірақ біз әуелі сол платформаға банктердің бәрін тіркеуіміз керек. Сол платформадан азаматтардың қарызы жөнінде ақпарат жинаймыз. Қанша банкке қанша қарыз екеніңізді есептеуіміз керек. Содан кейін кредиторлармен, яғни банктермен бірге жұмыс істейміз. Бір кесте бойынша бір төлем бекітілуі керек. Мәселен, бүкіл қарызыңызды қосқанда 1 млн теңге дейік. Сол қарыз бойынша біз жаңа кесте жасаймыз”, – дейді Қизанов.
Агенттік төрағасының орынбасарының айтуынша, қарызы бар азамат бір банкке ғана қарызын төлейді. Сол банк азаматтың басқа банктер алдындағы қарызын бөліп беріп отырады.
Екі-үш кредит біріктірілген кезде бұл жағдай кредиттік тарихқа әсер ете ме? Бұл сұраққа жауап берген Олжас Қизатов “егер несиенің бәрі уақытында төленбеген соң, әлбетте әсер етеді” деп жауап берді. Кредиттердің бәрі өтелген соң ғана несиелік тарих түзеледі.
Олжас Қизатов агенттік тарапынан бұл жөнінде толыққанды баспасөз хабарламасы таратылатынын айтты.