ЕрекшеЖаңалықтарЭкономика

Банк туралы жаңа заң шығады: ірі банктер банкротқа ұшыраса, мемлекет оларды құтқарады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінде таныстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әбілқасымованың айтуынша, банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмас үшін банктерді қалпына келтіру жоспарларын және реттеу жоспарларын әзірлеуді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі.

“Қалпына келтіру жоспарлары банкті дағдарысты жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің міндеті болады. Жүйелік маңызы бар банктер үшін шығындарды сіңіру қабілетінің жеткілікті деңгейін қолдау талабы енгізіледі, бұл төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, олардың міндеттемелерін капиталға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау қажеттілігін азайтады. Мемлекеттің банктерді қолдауға қатысуы тек шектен тыс шара ретінде жүйелік маңызы бар банктерге қолданылатын болады. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жүйелік маңызы бар банктің капиталына тікелей кіруі мемлекеттік қолдаудың жалғыз нысаны болады”, – дейді ол.

Мемлекеттің қатысуы уақытша әрі өтеулі сипатта болады Ең аз қажетті көлемде көмек көрсетіледі дейді Әбілқасымова. Бұл жағдайда банкке банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады. Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады.

ТАҒЫ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ

Жаңа заңда банк қызметін реттеудің бес міндеті көзделген:

  • банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу;
  • банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;
  • депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
  • банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету;
  • қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.

Банктер туралы жаңа заң 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Оның құрылымы банктің құрылуы мен лицензия алуынан бастап реттеу мен таратуға дейінгі қызмет ету циклына сәйкес құрылған, бұл қолданудың қисындылығын, жүйелілігін және ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі.

Заң жобалары шеңберінде мынадай негізгі салаларда жаңа ережелер көзделеді:

Бәсекелестікті арттыру және банк нарығына қолжетімділікті жеңілдету.

 Шоғырлануды төмендету және бәсекелестікті дамыту үшін базалық және әмбебап лицензияларды енгізу арқылы банк қызметін лицензиялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру көзделеді.

Инновацияларды қолдау және қаржылық-технологиялық бағытты дамыту.

Заң жобалары банктер мен банк холдингтерінің қаржылық-технологиялық компанияларға инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Цифрлық қаржы активтерін реттеу енгізіледі және ұлттық валютаның жаңа нысаны ретінде цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі бекітіледі.

Ұлттық реттеуді халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру.

Заң жобаларын дайындау кезінде Халықаралық Валюта Қорының және Дүниежүзілік банктің Қаржы секторын бағалау бағдарламасының қорытындысы бойынша ұсынымдары ескерілді. Атап айтқанда: тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізуді аяқтау, оның алдын алу мен тепе-теңдігін арттыру, сондай-ақ банктердің төлем қабілетсіздігін реттеу жөніндегі құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсынымдар.

Іс-қимылды қадағалауды енгізу және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.

Заң жобаларымен қызметтерді жауапты ұсыну стандарттары және қаржы ұйымдарының ашықтығы, әділдігі және клиенттердің мүдделеріне сәйкестігі тұрғысынан олардың практикаларына бақылау енгізіледі. Дауларды сотқа дейін шешу үшін қаржы омбудсманының бірыңғай офисін құру көзделеді.

БАНКТЕРГЕ ЛИЦЕНЗИЯ БЕРУ ТӘРТІБІ БАСҚАША БОЛАДЫ

Агентттік төрағасы өзгерістердің бәріне оң сипат беріп баяндайды. Соның бірі – базалық және әмбебап банктік лицензия моделін енгізу. Әбілқасымованың сөзінше, бұл тәсілдің мақсаты – ірі банктердің ғана емес, сол сияқты нарыққа жаңа қатысушылардың дамуын қамтамасыз ететін орнықты әрі бәсекелес ортаны қалыптастыру. Халықаралық практика көрсеткендей, банк қызметі түрлі лицензиялар негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.  Мәселен, Ресей, Литва, Сингапур және АҚШ-та шағын банктер үшін жеке базалық лицензия көзделген. Еуропалық Одақта, Ұлыбританияда, Швейцарияда, Жапонияда бірыңғай лицензия шеңберінде тепе-тең талаптар көзделген.

Банктер туралы заң жобасында осы тәжірибені ескере отырып, банктік лицензияның екі түрін базалық және әмбебап түрін енгізу ұсынылады. Базалық лицензия әмбебап лицензиядан рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бойынша ерекшеленеді. Базалық банктік лицензиясы бар банктер үшін заң жобасында активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең аз мөлшеріне шектеулер белгіленеді. Бұл ретте нақты шекті мәндер заңға тәуелді актілерде айқындалады. Қазіргі кезеңде активтердің мөлшерін 500 (бес жүз) млрд теңгеге дейін және капиталдың ең аз мөлшерін 10 (он) млрд теңгеге дейін шектеу жоспарланған.

ИСЛАМ ҚАРЖЫЛАНДЫРУЫ

Бүгінгі күні Қазақстанда исламдық банк қызметін жүзеге асыруға жеке ислам банкін құру арқылы ғана жол беріледі. Қазір Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді – шетелдік «Абу-Даби коммерциялық банкі» және қазақстандық Заман Банкі. Олардың банк жүйесінің активтері мен кредиттік портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан аз.

Жаңа заң жобасында әмбебап банктерге қолда бар лицензиясы шеңберінде исламдық банк операцияларын «исламдық терезелер» арқылы жүзеге асыру құқығын беру көзделеді. Ол үшін Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылатын «исламдық терезелер» моделін пайдалану ұсынылады.

«Исламдық терезелер» моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы   исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті  ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтермен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген”, – дейді Әбілқасымова.

ЦИФРЛЫҚ ҚАРЖЫ АКТИВТЕРІ

Заң жобасының негізгі жаңалығы – активтердің жаңа класы ретінде цифрлық қаржы активтерін (ЦҚA) реттеуді енгізу. Заң жобасында цифрлық қаржы активтерінің үш түрі көзделген: біріншісі – ақшаға талап ету құқығын растайтын цифрлық активтер, яғни  –  стейблкоиндер, екіншісі –  базалық активпен қамтамасыз етілген цифрлық қаржы активтері және үшіншісі –цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.

Стейблкоиндердің шығарылымын және айналысын Ұлттық Банк реттейді. Басқа цифрлық қаржы активтерінің түрлерін реттеу өкілеттіктері Агенттікке беріледі, онда базалық активпен қамтамасыз етілген цифрлық активтердің және цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдарының шығарылымы мен айналысына қойылатын талаптарды белгілеу көзделген.

Back to top button