
Қазақстанда 14 қыркүйекке қараған түні екі жол апатынан 15 адам қаза тапты, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол».
Мамандардың мәліметінше, екі жол учаскесінде де жол тегіс, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ақаулар анықталмаған.
Қарағанды облысындағы апат
13 қыркүйек күні шамамен 23:30-да Қарағанды облысында Қарағанды – Аягөз – Бұғаз автожолында, Шешенқара ауылы маңында Ford Mondeo көлігінің жүргізушісі Қарқаралыдан Қарағанды бағытына қарай келе жатып, белгіленбеген жерде қарсы жолаққа шығып, Changan көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмды.
Жетісу облысындағы апат
14 қыркүйек сағат 01:40 шамасында Алматы – Өскемен тас жолының 479-шақырымында тағы бір ірі жол апаты тіркелді. Nissan Cefiro жүргізушісі оңтүстікке қарай жүріп келе жатып, қарсы жолаққа шығып, Lada ВАЗ көлігімен, артынша Chevrolet Cobalt көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Nissan Cefiro жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Lada ВАЗ көлігінде болған төрт адамның бірі қаза болып, тағы бірі жарақат алды. Ал Chevrolet Cobalt ішінде сегіз адам, оның ішінде бір бала болған. Алдын ала деректерге сәйкес, олардың барлығы оқиға орнында қаза тапты.
«Екі жол учаскесінде де жол жамылғысы тегіс, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ешқандай ақау жоқ. Алматы – Өскемен тас жолының аталған бөлігі 2024 жылдың желтоқсанында қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілген. Ал Қарағанды – Аягөз – Бұғаз жолында бұған дейін орташа жөндеу жүргізілген, жол жамылғысының жағдайы белгіленген стандарттарға толық сәйкес келеді», – делінген «ҚазАвтоЖол» компаниясының хабарламасында.
Компанияда атап өткендей, соңғы жылдары жөндеу және реконструкциядан өткен жолдарда апаттар саны өсіп келеді. Өйткені жүргізушілер тегіс жол мен жақсы көріну мүмкіндігін пайдаланып, жылдамдықты асырады және жол ережелерін бұзады. Мұның соңы қайғылы жағдайларға әкелуде.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жылдамдықты шектен асырмауға және дұрыс маневр жасауға шақырады. Компания жолдың сапасы мен сенімділігі қауіпсіздікке кепіл бола алмайтынын ескертеді: адам өмірі мен денсаулығы әр жүргізушінің тәртібі, мұқияттылығы және жауапкершілігіне тікелей байланысты.