Трамп Чарли Киркті өлтірді деп күдікке ілінген адамның ұсталғанын мәлімдеді

АҚШ президенті консервативті комментатор Чарли Киркті өлтірді деген күдікке ілінген адамның құқық қорғау органдары тарапынан «өте жоғары ықтималдықпен» ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.
«Менің ойымша, өте жоғары ықтималдықпен біз оны ұстадық», — деді Ақ үй басшысы Fox телеарнасының эфирінде.
Трамптың айтуынша, күдіктінің ұсталуына оған «өте жақын» адам көмектескен. Ол күдіктінің кім екенін нақтыламады және бұл ақпаратты оған сұхбат басталардан шамамен бес минут бұрын хабарлағанын айтты. Президент сондай-ақ, егер ол адам кінәлі деп танылса, өлім жазасына кесілетініне үміт білдірді. 💬
«Кирк ең тамаша адам еді, ол мұндайға лайық емес», — деді Трамп.
31 жастағы Кирк Трамптың сайлауалды науқаны кезінде негізгі одақтастарының бірі болған. Ол сәрсенбі күні Utah Valley университетінің кампусында сөз сөйлеп тұрған сәтінде атып өлтірілді.