Ерболат Әбдіровке қатысты істен заңбұзушылық анықталған жоқ – сот шешімі шықты
Еске салайық, Ерболат Әбдіров Алматы әуежайында болған дауға байланысты қоғам назарына іліккен еді. БАҚ-та оның мас күйінде тәртіп бұзып, өзгелерге дөрекі мінез танытқаны туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ӘБДІРОВ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНДА ЖҮРГЕН
Маңғыстау облыстық прокуратурасы бұған қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Ал прокурордың бұл айыптауларды теріске шығарып: «Кім екенімді білген соң сынықтан сылтау іздеді», деген болатын.
Айта кетейік, ол кезде прокурор еңбек демалысында жүрген.
Жуырда «Ақ Жайық» порталы соттың бұл іске қатысты шешімін жариялады. Онда Актау қаласы прокуроры Әбдіровтің әрекеттерінен ешқандай заңбұзушылық табылмағаны айтылған.
«Әбдіров қоғамдық орында балағат сөз айтпаған, өзге азаматтарға тиісіп, қорлайтындай әрекет жасамаған», – делінген сот материалында.
Белгілі болғандай, Ерболат Әбдіров Алматы әуежайында екі ағайындымен танысқан. Сосын олар оның жерлестері болып шықты. Кейін ұшаққа бет алған жолаушыларды тасымалдайтын арнайы автобуста келіспеушілік туындапты. Сол оқиғадан соң әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкері Әбдіровке әкімшілік хаттама толтырған. Алайда оқиғаға куә болған ағайынды азаматтар сотта прокурормен ешқандай кикілжің болмағанын айтып, оған ешқандай шағымы жоғын жеткізген.
СОТ ІСТІ ТОҚТАТТЫ
Сот істі қарау барысында бұл автобус қоғамдық көлікке жатпайтынын, яғни ол арнайы мақсаттағы транспорт екенін назарға алды.
Сондай-ақ сот сараптамасы Әбдіровтің сол сәттегі жағдайын нақтылап берген: «Прокурордың санасы сергек, сөзі анық, ойын жеткізу қабілеті бұзылмаған, уақытты, өзін және жағдайды дұрыс бағдарлай алады».
Осыған сәйкес, сот Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі тоқтату туралы шешім қабылдады. Себебі құқықбұзушылық құрамы анықталмаған.