
Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев әскери қызметшілерге пәтер жалдау үшін берілетін ақы мәселесінде үлкен проблема барын мойындады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде әскери қызметкерлердің әйелдері мәлімдеме жасап, пәтерақы қиылғалы жатқанын айтып, дабыл қаққан. Тіпті олар бір мәрте жиылып, видеоүндеу жасаған. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «майордың жарымын» деген Айдана есімді әйел күйеуіне пәтер жалдағаны үшін берілетін ақының қиылып қалғанын айтып, шағымын президент пен қорғаныс министріне жеткізген еді. Айдананың осы посты көп адамды қозғап жіберген. Оның постына 8 мыңнан астам адам пікір қалдырып, олар да әскерилердің туған-туысы, жары екенін жазып, қолдау білдірген. Алайда «майор әйелін ұстай алмады ма?» деп сынағандар да болған.
“Пәтерақысы қысқартылып жатқан жоқ. Қазір келісімшартты (әскери қызметкерлер пәтер жалдаған кезде пәтер иесімен жасалатын) Әділет министрлігінде тіркелуі керек. Бұл бірінші өзгеріс. Екіншіден, бұл рас проблема. Біз мұны мойындап отырмыз. Білеміз, қазір жұмыс істеп жатырмыз. Тіркеуді автоматтандырып, цифрландырып, пәтер берушілерді жеке кәсіп ашқызбай, солардан салықты шешу амалдарын қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл өзгерістерді заңнамаға енгізгенгенге дейін бұл шартты алып тастау амалдары да қарастырылуда. Яғни, тіркемей-ақ, баспана жалдау ақшасын ала алатындай…”, – деді Ахмадиев Tizgin.kz порталының сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, егер отбасында үш адам болса, оларға пәтердің ауданына байланысты ақы беріледі. Бірақ жалдаған пәтердің иесімен келісімшартқа отырып, ол келісімшартты тіркеу керек. Екіншіден, алыс аудандарда ол келісімшартты рәсімдеп беретін Халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе нотариус бола бермейді.
“Құдай қаласа келесі аптада шешімі болады. Қазір Үкіметпен, әріптестерімізбен бірге, сол бағытта жұмыстар атқарылып жатыр”, – деді ол.