“Бүйрегі төмен түсіп кеткен”: адвокат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағанын мәлімдеді
Қазір түрмеде отырған қазақстандық супермарафоншы Марат Жыланбаевтың қорғаушысы Денис Малюга оның денсаулығына байланысты жағдайды баяндап, Жоғарғы сотқа кассациялық шағым дайындалып жатқанын алға тартты, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
АДВОКАТ МӘЛІМДЕМЕСІ
Мараттың бүйрегіне УДЗ жасалып, ЭКГ тексеруден өтті. Нәтижесінде дәрігерлер бүйректерінің төмен түсіп кеткенін және тұз мөлшерінің көптігін анықтады. Қазір ол дәрі-дәрмек қабылдауда, оған арнайы система қойылып жатыр, – деді адвокат өзінің видеомәлімдемесінде.
Малюганың айтуынша, ол Жыланбаевпен кездескеннен кейін мекеме басшылығымен де сөйлескен.
Біз бұған дейін Марат адвокаттары арқылы көтерген бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Онда дүкен мәселесі, «Скайп» байланысы, өтініштерді тіркеу терминалдары жайлы айтылды. Сонымен қатар, адвокаттар тарапынан Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріледі, ал Марат өзі жеке шағым жазып, істің қайта қаралуын сұрайды. Біздің мақсатымыз – Мараттың кінәсіз екенін дәлелдеу. Мен адвокат ретінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімінде көрсетілген заңбұзушылықтар бұл үкімде ескерілмеген деп есептеймін. Олар әділ шешім шығару үшін бұл деректерді міндетті түрде ескеруі тиіс еді, – деді Малюга.
КазТАГ редакциясы бұл мәселеге байланысты пікір алу үшін ІІМ-нің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) жүгінген. Алайда комитет жауап берудің орнына Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған. Қазір агенттік сол ведомстводан жауап күтуде.
Жыланбаев жазасын Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде өтеп жатыр.
Адвокаттың айтуынша, БҰҰ-ның Еркін емес ұстау жөніндегі жұмыс тобы да Марат Жыланбаеваға қатысты қабылданған шешімнің заңсыз екенін анықтаған.
БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Адам құқықтары жөніндегі кеңсесінің деректеріне сәйкес, Жұмыс тобы Жыланбаевтың бостандығынан айырылуы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының жеті, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабын бұзғанын анықтаған. Бұған дейін бұл топ Қазақстан билігін Жыланбаева бостандыққа шығарып, оған өтемақы төлеуге, құқықтарын қалпына келтіруге және еркінен тыс ұстауға қатысты жағдайды толық әрі тәуелсіз тергеп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуға шақырған болатын.
ЖЫЛАНБАЕВ ДЕГЕН КІМ?
Марат Жыланбаев – халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы әрі жүлдегері, жеті мәрте Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдік рекорд иесі. Ол жер шарындағы Азия, Африка, Австралия және Америка құрлықтарындағы ең үлкен шөлдерді жүгіріп өткен жалғыз адам.
БҰЛ САЯСИ ҚУДАЛАУ МА?
Қамауға алынғанға дейін Жыланбаев митингілерге қатысып, серіктестерімен бірге Қазақстанда оппозициялық партия құруға талпынған. Сондай-ақ, ол Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде де ұсынылған.
2023 жылғы қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жыланбаевты «тыйым салынған экстремистік ұйымды қаржыландырды» және «оның қызметіне қатысты» деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айыруға және 3 жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу туралы үкім шығарған. Бұл ұйым Еуропарламент тарапынан бейбіт оппозиция ретінде танылған. Сот процесі жабық жағдайда өтті.
Марат Жыланбаев бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзінің саяси көзқарастары үшін қудаланып отырғанын айтқан.
Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары бірнеше мәрте Жыланбаевты босатуға шақырды. Ел ішіндегі құқық қорғаушылар оны саяси тұтқындар тізіміне енгізген.