«Күдікті жалғыз келмеген»: Талғарда әкесін өлтіріп, қызын ұрлау фактісі жайлы тың ақпарат шықты

Талғарда адвокат Гаухар Сариеваның күйеуін өлтіріп, қызын ұрлап кетті деп күдікке ілінген жігіт қылмыс кезінде жалғыз болмаған. Оның жанында жасөспірімдер болған. Бұл ақпаратты бүгін Гаухар Сариева тарапының адвокаты Асылбек Әбдірайымов айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бүгін анасы мен әйелі тергеу органдарына барды. Беттестіру болды. Майда-шүйде кемшіліктер бар. Өзіміздің өтініш-талаптарымызды білдіріп жатырмыз. Екі рет оқ атқан. Біреуіне жүрегіне, екінші өкпесіне тиген. Күдікті жалғыз емес. Оның жанында сыбайластары болған. Олар жасөспірімдер. Сондықтан оларға да қатысты тергеу сотымен екі айға қамау санкциясы шықты. Олар да қамауда. Ернарды өлтірген азаматпен әлі беттестіру болған жоқ”, – деді адвокат.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
Еске сала кетейік, адвокат Гаухар Сариева бұған дейін күдікті – автосервис қызметкері екенін хабарлаған еді. Адвокаттың айтуынша, күдікті бір ай бұрын Сариеваның сіңлісін зорлады деп айыпталған. Полиция бұл іс бойынша ешқандай шара қолданбаған дейді адвокат.
Гаухар Сариева күйеуімен бірге күдіктіні ұстап, полицияға тапсырған, алайда келесі күні тәртіп сақшылары оны босатып жіберген. Осыдан кейін ер адам Сариеваның сіңлісіне қоқан-лоқы жасай бастаған. Сол күні кешке күдікті жәбірленушінің жездесінің үйіне келіп, оны атып өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен.
Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы 6 қыркүйекте облыс прокуратурасымен Талғар ауданы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігі фактісі бойынша (ҚК 370-бабы 4-бөлігі) қылмыстық іс қозғалған.
”Олардың тарапынан зорлау жасады деген күдіктіні ұстау және қажетті шаралар қабылдау бойынша әрекет жасалмаған. Салдарынан күдікті Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат ауылында ер адамды өлтіріп, кәмелетке толмаған қыз баланы ұрлаған”, — делінген хабарламада.
Аталған қылмыстық іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды.