ЕрекшеҚоғам

Қант диабетімен ауыратын қазақстандықтар Денсаулық сақтау министрлігімен мәмілеге келе алмады

Қазақстандық пациенттер Денсаулық сақтау министрлігінің қант диабетін әлеуметтік маңызды аурулар тізімінен алып тастау шешіміне қарсылық білдірді. Соған байланысты олар онлайн-петиция бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

ОҚИҒА НЕДЕН БАСТАЛДЫ

Жаз соңында Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін кепілдендірілген тегін медициналық көмектен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті арқылы берілетін қызметтер тізіміне ауыстыратынын хабарлады. Бұл дегеніміз, кімде медициналық сақтандыру бар, солар ғана дәрігер қабылдауына жазыла алады және тегін дәрі-дәрмек ала алады. Бұған дейін мұндай шектеу болған емес.
Аталған жаңалық науқастардың наразылығын туғызды. Олар әлеуметтік желілерде бейнероликтер жариялап, бәрін бұрынғы қалпында қалдыруды өтінді.

Денсаулық сақтау министрлігіндегілер көмек азаймайтынын, керісінше, көбейе түсетінін айтып сендірді.

Бүгінде қант диабетімен ауыратын науқастардың 96 пайызы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Ал балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да осал топтар үшін төлемді мемлекет жүргізеді, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.

Алайда бұл реформаға пациенттік ұйымдар алаңдаулы. Олар арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы туындатуы мүмкін қауіптерді көтерді. Ұйымдар сақтандырылмаған қазақстандықтар емсіз қалуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Қоғам белсенділері министрлік өкілдерімен кездесіп, компромисс табуға тырысқан. Олар дәрі-дәрмекпен қамтуды шешуді және диабетке қарсы бірыңғай ұлттық бағдарлама жасауды ұсынды.

ҚАЗІР НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Соңғы бір жарым ай ішінде біз министрлікпен конструктивті диалог орнатуға тырыстық. Басшылықтағы тұлғалар диалог пен пікірталастың тікелей текетірестен әлдеқайда тиімді екенін түсінеді деп ойладық. Алайда, өкінішке қарай, қателесіппіз. Барлық әрекетіміз нәтижесіз аяқталды», – деді «Диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының директоры Руслан Закиев.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығару туралы шешімді қабылдап қойғанға ұқсайды. Министрлік «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 196-бабының жаңа редакциясына өзгертілген тізімді енгізген. Құқықтық актілер иерархиясында кодекс ең жоғары заңдық күші бар құжат болып саналатындықтан, жаңа редакция ескі тізімді — оның ішінде қант диабеті бар нұсқаны — заңсыз етеді.

Мемлекеттің реформа жүргізуге құқығы барын мойындаймыз. Бірақ ол азаматтардың өмірі мен денсаулығының есебінен жүзеге аспауы тиіс. Қант диабетімен ауыратын адамдар білім алуда, жұмысқа орналасуда, мүгедектік пен медициналық көмек алуда жиі кемсітушілікке тап болады. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы өзгерістері бұл жағдайды тіпті ушықтыра түседі, – делінген петицияда.

Пациенттердің айтуынша, мәселе тек дәрі-дәрмекке келіп тірелмейді, бұл адамның өмір сүру құқығы туралы. Ал ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тіркелу, жас шамасы немесе қандай да бір бюрократиялық санатқа жату-жатпауына байланысты болмауы керек.

ҚАНША АДАМ ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН АУЫРАДЫ

Осы жылға арналған электронды диспансерлік тіркеу базасының мәліметі бойынша, елімізде 535 033 адам қант диабеті диагнозымен есепте тұр. Оның ішінде:

504 456 адам (яғни 95%) – екінші типтегі диабетке шалдыққан;

30 577 адам – бірінші типтегі диабетпен ауырады, олардың 5 625-і – 18 жасқа дейінгі балалар.

Бірінші типтегі диабетпен ауыратын пациенттер күн сайын инсулин қабылдауы тиіс. Ауруды тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен (ТМККК) шығарып, МӘМС пакетіне ауыстыру – олардың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Министрлік қазір қант диабетімен ауыратын науқастардың 95 пайызы сақтандырылғанын айтады. Сонда қалған 5 пайыз, яғни шамамен 1600 адам, сақтандыру жүйесінен тыс қалады. Олар енді инсулин ала алмай ма? Жарты мыңнан астам адамның өмірінің құны жоқ па? – дейді Қоғамдық қор жетекшісі Руслан Закиев.

2-типті қант диабеті – басқаруға болатын диагноз ретінде қарастырылады және ол көбіне науқастың өмір салтына тікелей байланысты. Мұндай диагноз қойылған жандар үнемі дұрыс тамақтанып жүрулері тиіс. Қимыл-қозғалысы көп болса, едәуір ем. Алайда, бұл дерт көбінесе артық салмағы бар адамдарда пайда болатыны белгілі.

Руслан Закиевтің айтуынша, дұрыс тамақтану мен дене белсенділігі кей жағдайларда жеткіліксіз. Қазақстанда, әлем елдеріндегідей, 2-типті қант диабеті көбіне күрделі асқынулар пайда болған кезде ғана анықталады. Мұндай жағдайда сапалы дәрі-дәрмектік терапия қажет.

Бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек. Тек дұрыс тамақтану мен жаттығумен шектелмей, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету аса маңызды. Егер дәрі-дәрмек берілмесе, бұл жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін, – дейді Закиев.

 

Back to top button