10 қыркүйекке қараған түні Ресей Украина батысына жаппай дронмен шабуыл жасаған сәтте, Польша өз аумағында бірнеше ұшқышсыз аппаратты атып түсірді, деп хабарлайды Tizgin.kz bbc.com-ға сілтеме жасап.
Польша әскері бұл жағдайды «агрессияның айқын көрінісі» деп бағалады. Осыған байланысты премьер-министр Дональд Туск шұғыл үкімет отырысын шақырды.
Варшава мен Польшадағы бірнеше қаланың әуежайлары бірнеше сағатқа жабылды. Бұл – Ресейдің Украинаға жаппай баса-көктеп кіріп бастағалы Еуропада алғаш рет тіркеліп отырған жайт. Сонымен қатар, НАТО авиациясының әуедегі ықтимал қауіптерді жоюға қатысуы да бұрын-соңды болмаған жағдай.
Алайда НАТО бұл оқиғаны ресми түрде шабуыл ретінде қарастырмай отыр, – дейді альянстағы ақпарат көзі.
Польша Қарулы күштерінің Бас штабы мәліметінше, Ресейдің Украина батысына жасаған шабуылы кезінде дрондар елдің әуе кеңістігін бірнеше рет бұзған.
Радарлар оннан аса нысанды тіркеген, олардың ішінен қауіп төндіруі мүмкін дегендері «бейтараптандырылған». Әскерилер әуе кеңістігінің мұндай ауқымда бұзылуын «прецедентсіз жағдай» деп сипаттады.
Біздің әуе кеңістігімізге кірген кейбір дрон атып түсірілді. Қазіргі уақытта олардың құлаған жерлерін анықтау және іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, – делінген Польша Қарулы күштерінің ресми мәлімдемесінде.