Қазақстанда 780 мың азамат 85 мың теңге айлық алып отыр: бұл сан да күмәнді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ірі кәсіпорындар салықтан жалтару үшін жұмысшыларына айлықты конвертпен беріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мәжілістегі жиында министр ең төменгі жалақы төленетін санаттарға біліктілігі төмен немесе жоқ азаматтар алатынын айтады.
“329 (мың) азамат 80 мыңнан төмен айлық алып отыр. Бұл талдау өткізгенде нені көрсетті? Жұмыс берушілер тек келісімшартпен жұмысшыларды алып, бірнеше сағат қана жұмысқа тартқан. 780 мың азамат 85 мың теңге айлық алып отыр. Бұның ішінде бірнеше санат бар. Біріншіден, ірі кәсіпорындар салықтан жалтару үшін атаулы жарналар, атаулы төлемдерін азайту үшін 85 мың теңгені төлеп, басқасын конвертпен береді. Негізі ең төменгі жалақыны ауыл шаруашылығы саласындағы адамдар алып отыр”, – деді ол.
Министрдің сөзінше, осыған байланысты 18 кісі арыз жазып, министрлікке жүгінген.
“Олардың мүддесін қорғап бердік. Ары қарай халықтың арасында түсіндірме жүргіземіз. Егер сондай жағдайға тап болсаңыздар, біз сіздердің құқықтарыңызды қорғаймыз”, – деді ол.
САНДАР НЕГЕ КҮМӘНДІ
Отырыста депутат Гүлдара Нұрымова “Аманат” партиясының есебі бойынша 85 мың және 80 мыңнан төмен айлық алып отырғандар саны 1,8 млн екенін айтты. Алайда бұл санмен Жақыпова келіспеді. Азаматтардың зейнетақысын тексергенде ресми статистика көрініп тұрғанын алға тартты.