ЕрекшеЖаңалықтар

Парольді ауыстырыңыз – қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасалды

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Google деректер базасының бұзылуына байланысты киберқауіп туындағанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Агенттіктің мәліметінше, хакерлік шабуыл салдарынан қаскөйлер Gmail қолданушыларының байланыс деректеріне және компания атауларына қол жеткізген. Жалпы алғанда, 2,5 миллиардқа дейін аккаунт зардап шеккен, бірақ құпиясөздердің өзі тікелей ұрланбаған.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, шабуылды ShinyHunters атты хакерлік топ ұйымдастырған. Олар әлеуметтік инженерия әдісін қолданған: Google қызметкеріне IT-қолдау қызметі өкілі ретінде қоңырау шалып, оны зиянды Salesforce Data Loader қосымшасын іске қосуға мәжбүрлеген.

«Бұл деректердің таралуы қаскөйлерге Google қызметкерлері болып көрініп, фишингтік және дауыстық шабуылдарды күшейтуге мүмкіндік береді. Кейбір қолданушылар 650 кодымен басталатын нөмірлерден Gmail құпиясөзін қалпына келтіруді талап еткен жалған қоңыраулар түскенін хабарлаған. Мұндағы мақсат – кодтарды, құпиясөздерді немесе аккаунтқа қолжетімділікті иемдену», — делінген ведомство хабарламасында.

Қазқстандықтарға берілген ресми ұсынымдар:

  • құпиясөздерді, әсіресе қарапайым немесе бірнеше рет қайталанатындарын дереу ауыстыру;
  • екі факторлы аутентификацияны қосу немесе биометрия мен PIN арқылы қорғаныс орнату;
  • өзін Google өкілі ретінде таныстырған қоңыраулар мен хаттарға сенбеу — мұндай хабарламалардың 10-нан 9-ы алаяқтық болып шығады;
  • қосымшалар мен қосылуларға қолжетімділікті шектеу, оларды үнемі бақылап отыру.

Сонымен бірге Бас прокуратура ішінара жария деректердің өзі ауқымды алаяқтық схемалардың негізіне айналуы мүмкін екенін ескертеді. Пайдаланушылар мен ұйымдарға аккаунт баптауларын үнемі тексеріп, қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң түрде ұсынылады.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте мемлекеттік органдардың деректердің таралуына баяу әрекет етуін сынға алған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект жаңа әрі түбегейлі қатерлер мен сын-қатерлер алып келеді, ал дәстүрлі әрекет ету тетіктері оған ілесе алмайды. Сонымен қатар ол Қазақстанда әзірленген отандық Aitu мессенджері қажетті деңгейде қауіпсіздік қамтамасыз ете алатынын атап өтті және үкіметке жеке деректерді қамтитын барлық коммуникацияларды қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Back to top button