2025 жылғы 9 қыркүйектен бастап Қазақстан Ұлттық Банкінің тиісті қаулысы күшіне енді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ҚҰЖАТТАҒЫ АҚПАРАТТАР
Еске салайық, Ұлттық Банктің 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысына сәйкес елде қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілген болатын.
Аталған құжатта айырбастау пункттерінде клиенттерге арналған ақпараттық тақтайшаларды, яғни шетел валютасын теңгеге сатып алу немесе сату бағамы көрсетілетін мәліметтерді тек ғимарат ішіне немесе айырбастау пунктінің операциялық кассасының тікелей жанына ғана орналастыруға рұқсат етілетіні нақты көрсетілген.
ҚАУЛЫДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН
Сондай-ақ ақпараттық тақтайшаларды ғимарат сыртында орналастыруға тыйым салынады. Бұл тыйым ғимараттардың шатырына, сыртқы қабырғаларына, стационарлық, жылжымалы немесе алып-салмалы тақталарға да қатысты.
Қаулыда қосымша атап өтілгендей, айырбастау пункті көпфункционалды нысандарда (соның ішінде бизнес-орталықтарда), теміржол вокзалдарының ғимараттарында, казиноларда, халықаралық әуежайлардың аэровокзалдарында немесе Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасындағы автомобиль, теңіз және өзен өткізу бекеттерінің аумағында орналаспаса, ақпараттық тақтайшалар ашық кеңістікте сырт көзге көрінетін жерде болмауы тиіс.