ЕрекшеЖаңалықтар

Бас жарылып, қол сынған жоқ – Бапи Бажкенова-Нұртілеу дауына түсіністікпен қарауға шақырды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи “сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ұсталды” деп дәлелденбеген ақпаратты таратқан Орда.кз басылымының басшысы Гүлнар Бажкеноваға қатысты пікірін айтты. Ол мәселеге түсініктікпен қарауға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

“Меніңше, ақпарат буырқанған заманда жұмыс істеудің жаңа тәжірибесін қалыптастырып жатырмыз (БАҚ жұмысы жайлы). Сондықтан, не болмайды? Қателіктер кете береді. Гүлнара Бажкенова таратқан ақпараттан қоғамда бір жарылыс болған жоқ. Бас жарылып, қол сынған жоқ. Ондай қателіктер болады. Бұған дейін дау-дамайлар болып қалды. Елмедиаға, Ұлысмедиаға қатысты да әңгімелер болды. Сөйтіп-сөйтіп дамудың дәрежесіне жетеміз деп ойлаймын. Өркениетті елдердің масс-медиасы секілді жұмыс істеу дәрежесіне жетеміз”, – деді депутат үкімет кулуарында.

Еске сала кетейік, өткен аптада Орда.кз басылымының басшысы Гүлнар Бажкенова министр Мұрат Нұртілеу мен бизнесмен Гаджи Гаджиев, сонымен қатар ҰҚК-ның бірқатар лауазымды қызметкерлері ұсталды деп ақпарат таратқан еді. Алайда СІМ-нен бастап бірнеше құзырлы орган бұл ақпаратты жоққа шығарған. Бажкенова сонда да өз айтқанынан қайтпай, тек 7 қыркүйекте кешке ғана “жеңілгенін” мойындады. 

Орда.кз басылымының құрылтайшыларының бірі Мақсат Ғаниев осы оқиғадан кейін Бас прокуратураға жүгініп, басылымның жұмысын тоқтатуды сұраған.

Back to top button