ЕрекшеОқиға

“Омыртқасынан ауыр жарақат алды”: Ақмола облысында жарыс кезінде спортшының жүрегі тоқтап қалды

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мәліметінше, жасөспірім X дәстүрлі турнир кезінде есінен танып қалған, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
7-ші қыркүйекте Ақмола облысының Ерейментау қаласында 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Алаш идеясы жолында құрбан болған қайраткерлер мен Перуаш Кәрімұлының рухына арналған Х дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Келеңсіз жайт сол кезде болды.

Ақтөбе облысының атынан 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен І спорттық разряд иегері, тәжірибелі палуан белдесу кезінде мойын омыртқасынан ауыр жарақат алып, есінен танып қалды. Оқиға орнында кезекшілік еткен реаниматолог бірден жүрек-өкпе реанимациясын жүргізді. Кейін балуан Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер жүрек жұмысын қалпына келтіріп, жас спортшыны өкпені жасанды желдету аппаратына қосты, – деп мәлімдеді Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері дүйсенбі күні.

Ведомство мәліметінше, кейіннен спортшы санитарлық авиация көмегімен ірі медициналық орталыққа жеткізілген.

Айта кету керек, жарысқа қатысқан барлық команда алдын ала спортшылардың денсаулығы туралы медициналық анықтамаларын ұсынған. Турнир барлық ресми ереже мен қауіпсіздік талаптарына сай өтті. Медициналық жедел жәрдем бригадасы жарыс кезінде үздіксіз кезекшілік атқарды. ‘Qazaq Kuresi’ қауымдастығының президенті Дамир Бекбосыновтың айтуынша, жас спортшыға қажетті медициналық көмектің барлық түрі көрсетілуде. Қауымдастық бапкерлермен және медициналық мекемелермен тұрақты байланыста, – деді шенеуніктер.

Back to top button