Сенат болмайды: Тоқаев Қазақстанда бір палаталы Парламент құруды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстанда бір палаталы Парламент құруды ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тоқаев Сенатқа он жыл басшылық еткенін, бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санағанын айтты.
“Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын”, – деді ол.
Президент содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болатынын айтты. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізуі жоспары бар.
“Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын»”, – дейді ол.