Ауғанстандағы жер сілкінісі: ерлер әйелдерді үйінді астынан шығарудан бас тартқан

Ауыр жараланған әйелдер үйінді астында туыстары немесе өзге әйелдер келіп көмектескенін күтуге мәжбүр болған. Өйткені «Талибан» енгізген жаңа ережелерге сәйкес, ерлер мен әйелдердің (туыстық байланысы жоқ болса) бір-бірімен физикалық байланыс жасауына қатаң тыйым салынған, деп хабарлайды деп хабарлайды Tizgin.kz порталы The New York Times-ке сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, соның салдарынан көптеген әйелдер көрші ауылдардан туыстары жеткенше күтіп қалған. Уақытылы медициналық көмек ала алмағандар да көп. Ал ер туыстары жоқ әйелдерді құтқарушылар тек мүмкіндігі болған жағдайда ғана сырт киімінен тартып шығаруға тырысқан, осылайша ұстап құтқарудан қашқан.
Еске сала кетсек, Ауғанстанда жер сілкінісі 31 тамызда болды. Соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқандар саны 2 204 адамға жетті, жараланғандар саны төрт мыңға жуықтады. Ел билігі іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтағанын мәлімдеді.
Бұған дейін біз талибтердің әйелдерге қатысты шектеулері жайлы жиі жазғанбыз. Мәселен, жуырда Кабулда әйелдерге арналған сұлулық салондары мен шаштараздар жабылды. Ал өткен жылы оларға көпшілік жерде сөйлеуге тыйым салынған еді.