«Ауыл» партиясы сайлау науқанының қорытындысын шығарып, өңірлердегі алдағы жұмысты талқылады

«Ауыл» партиясының Орталық аппаратында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысына арналған Республикалық сайлау штабының отырысы өтті. Жиынға партияның Орталық аппарат басшысы Дәурен Бабамуратов пен өңірлік сайлау штабтарының жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Отырыс барысында сайлау науқанының қорытындысы шығарылып, өңірлердегі жұмыс тәжірибесі сараланды. Сондай-ақ сайлаушылармен байланысты одан әрі нығайту және алдағы бірлескен жұмыс бағыттары талқыланды.
Сайлау науқанына еліміздің 20 өңірінде «Ауыл» партиясынан 440 кандидат қатысты. Оның 373 ер адам, 67 әйел. Кандидаттардың 112 партиялық тізім бойынша, 328 бірмандатты сайлау округтері бойынша ұсынылды.
Науқан барысында кандидаттар 1 405 үгіт іс-шарасын өткізді. Оның 48 облыстық, 377 қалалық, 980 аудандық деңгейде ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, сайлаушылармен көптеген жеке кездесулер өтті. Негізгі жұмыс форматтары еңбек ұжымдарымен, елді мекен тұрғындарымен, түрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың өкілдерімен кездесулерді қамтыды.
«Сайлау науқаны партия құрылымының Орталық аппараттан бастап өңірлік филиалдарға дейінгі барлық буынының үйлесімді жұмыс істеуінің маңызын көрсетті. Жинақталған тәжірибе, жергілікті қоғамдастықтармен байланыс және партия белсенділерінің атсалысуы өңірлерде жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Өңірлік штабтардың жетекшілеріне, кандидаттарға, сенімді өкілдерге, волонтерлер мен жастар белсенділеріне жауапкершілік танытып, ортақ іске үлес қосқаны үшін алғысымды білдіремін», – деді Дәурен Бабамуратов.
Жиында сайлау науқаны кезінде азаматтардан түскен өтініштер мен ұсыныстарды одан әрі қарау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тұрғындар көтерген мәселелер сайлау науқаны аяқталған соң назардан тыс қалмай, өңірлік филиалдар мен мәслихат депутаттарының қатысуымен жүйелі түрде пысықталуы маңызды.
«Сайлау науқанынан кейін де халықпен байланысты үзбей, оны одан әрі дамыту партия үшін аса маңызды. Өңірлік филиалдар азаматтардың өтініштерімен жұмысты жалғастырып, тұрғындардың ұсыныстарын зерделейді, ауылдық жерлердегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ мәслихат депутаттарымен бірлесіп, жергілікті бастамаларды қолдайды», – деп атап өтті партия Аппаратының басшысы.
Жиында партияның Түркістан, Қарағанды және Павлодар облыстық филиалдарының төрағалары Төрегелді Қалмуратов, Жақыпбек Әнуарбеков пен Ерқанат Әбенов сөз сөйлеп, сайлау науқанын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, өз өңірлерінде сайлаушылармен атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Ауыл» партиясы өңір тұрғындарымен тығыз байланыс орнату, жергілікті бастамаларды қолдау және ауылды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмысын жалғастырады.