29 жыл бойы іздеуде болған Қазақстан азаматы Санкт-Петербургте ұсталды

1997 жылы Орал қаласында қарулы қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен іздеуде жүрген Қазақстан азаматы 29 жылдан кейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстаннан тыс жерлерде іздеуде жүрген 149 адам қолға түскен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Polisia.kz ақпараттық порталының мәліметінше, 22 қарашада Санкт-Петербург қаласында Қазақстанның 62 жастағы азаматы ұсталған. Ол 1997 жылы Орал қаласында қарулы қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінген. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам кейіннен сотталған сыбайласымен бірге тұрғын үйге кіріп, күш қолдану арқылы жәбірленушінің мүлкін иемденген.
Бұдан бөлек, 20 қарашада Өзбекстан астанасы Ташкентте Қазақстанның 40 жастағы азаматы ұсталған. Ол Қарағандыда қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 2025 жылдың қазан айынан бері іздеуде болған. Іс бойынша келтірілген залал 4 млн 350 мың теңгені құраған.
«Ішкі істер министрлігінің іздестіру жұмыстары ел аумағымен шектелмейді. Шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың нәтижесінде жыл басынан бері Қазақстаннан тыс жерлерде іздеуде жүрген 149 адам ұсталды», – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.
Қазақстанда іздеуде жүрген қанша адам ұсталды
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері полиция іздеуде жүрген 1 231 күдіктіні ұстаған. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 20 110 азаматтың жүрген жері анықталған. 4 қарашада Семей қаласында Қытайға бағыт алған жүк пойыздарынан мыс концентратын жүйелі түрде ұрлады деген күдікпен іздеуде жүрген 45 жастағы ер адам ұсталған. Іс бойынша келтірілген залал 6 млн теңгеден асқан.
Ал 20 қарашада Алматыда Абай облысының полиция қызметкерлері 40 жастағы ер адамды ұстаған. Ол 2020 жылдың қаңтарында Семей тұрғынынан күш қолдану арқылы 1 млн АҚШ долларын бопсалады деген күдікке ілінген. Министрлік қылмыстың қашан жасалғанына және күдіктілердің қай елде жүргеніне қарамастан, оларды іздестіру және ұстау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.