TOP-1Жаңалықтар

Қазақстанда шенеуніктердің табысы мен мүлкін жариялау міндеті жойылды

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің табысы мен мүлкі туралы декларациялардағы мәліметтерді көпшілікке жариялау міндеті жойылды. Былтыр ғана енгізілген талап биыл заңнамадан алынып тасталған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Exclusive.kz басылымына сілтеме жасап.

Декларацияны жариялау неге тоқтатылды

Елде шенеуніктердің табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді жариялау талабы 2025 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген. Ол саяси мемлекеттік қызметшілерге, «А» корпусының әкімшілік қызметшілеріне, Парламент депутаттарына, судьяларға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, квазимемлекеттік сектор басшыларына және олардың жұбайларына қатысты болды.

Бастапқыда декларацияларда табыс көлемімен қатар, сатып алынған мүлік, шетелдік банктердегі шоттар, бағалы қағаздар және басқа да активтер туралы ақпарат жариялануға тиіс еді. Алайда 2025 жылғы 30 желтоқсанда жарияланатын мәліметтердің тізімі едәуір қысқартылып, тек өз бетінше салық салуға жататын табыстардың жалпы сомасы қалдырылды. Енді бұл талаптың өзі де күшін жойған.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 12 маусымда қабылданған №311-VIII заңмен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11-бабынан декларация мәліметтерін жариялауды міндеттейтін 9-тармақ алынып тасталған. Кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 21 шілдедегі №130 бұйрығымен жариялануға тиіс мәліметтердің тізбесін бекіткен нормативтік актілердің күші жойылды. Аталған бұйрық 13 тамызда күшіне енген.

Мемлекеттік бақылау бар, қоғамдық бақылау ше

Exclusive.kz редакциясы өзгерістің себептерін анықтау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне, Қаржы министрлігіне және Үкімет аппаратына ресми сауал жолдаған. Алайда соңғы екі ведомство сауалдарды агенттікке бағыттап, нәтижесінде үш сұрауға бірдей жауап берілген.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Бюрократиядан арылту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу департаментінің директоры Асхат Мұраталиев шенеуніктердің декларациялары бұдан былай көпшілікке жарияланбайтынын растаған. Дегенмен оның айтуынша, бұл мемлекеттік қаржылық бақылау тоқтайды деген сөз емес.

«Мемлекеттік қызметшілердің адалдығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және табыс пен мүліктің заңды жолмен алынуын бақылау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтары болып қала береді», – делінген агенттіктің жауабында.

Ведомство цифрлық технологиялар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дамуы лауазымды тұлғалардың мүліктік жағдайын жария декларацияларсыз да тексеруге мүмкіндік беретінін алға тартқан. Яғни шенеуніктердің декларация тапсыру міндеті сақталады, бірақ ондағы мәліметтер жұртшылыққа ашық болмайды. Алайда бұл шешім қоғамдық бақылауға қатысты сұрақ туғызады. Атап айтқанда, журналистер мен азаматтардың шенеуніктердің табысы мен мүлкін өз бетінше қалай тексере алатыны белгісіз.

Агенттік декларацияларды жариялау міндетін жоюға кім бастамашы болғанын және мұндай шешімнің мемлекеттік басқару ашықтығына ықпалы бағаланған-бағаланбағанын нақтыламаған. Ведомство халықаралық тәжірибеге де сілтеме жасап, бірқатар елде лауазымды тұлғалардың табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді тапсыру міндеті сақталғанымен, оларды көпшілікке жариялау міндетті емес екенін мәлімдеген.

Back to top button