Әйгілі Макгрегор Ирландия президенті болуға талпынып жүр
UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы, атақты Конор Макгрегор алдағы қазан айында өтетін Ирландия президенті сайлауына қатысуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz rbk.ru-ға сілтеме жасап.
ЖАҚТАСТАРЫНАН ҚОЛДАУ КҮТЕДІ
Ол өз жақтастарын сайлау бюллетеніне есімін енгізуге қол жеткізу үшін жергілікті кеңес мүшелеріне үндеу жасауға шақырды.
Спортшы бұл туралы Instagram парақшасында жариялаған видеомәлімдемесінде айтты. Бейнежазба Дублин қаласындағы үкімет ғимаратының алдында түсірілген.
Егер менің есімімнің президенттікке үміткер ретінде бюллетеньде болғанын қаласаңыздар, онда бүгін-ақ жергілікті кеңес өкілдеріне барып, менің кандидатурамды ұсынуды сұрауыңызды өтінемін, – деді Макгрегор.
37 жастағы Конор Макгрегор октагонға соңғы рет 2021 жылдың жазында шыққан. Ол кезде UFC 264 турнирінде америкалық Дастин Порьемен кездескен. Ирландиялық спортшы бұған дейін бірнеше рет үлкен спортқа қайта оралатынын айтқанымен, әзірге бұл уәдесі орындалған жоқ.