Атыраулық хакерге үкім шықты
Әлеуметтік желіде «атыраулық хакер» деген атпен танылған азаматқа үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
– “Хакер Атырау” лақап атымен танылған Н.Жаңбырбаевқа сот 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеуге үкім шығарды. Осы аралықта пробациялық бақыдауда болады. Оның 12 жәбірленушіге 14 млн.теңгеден астам қарызы болған. Өзінің айтуынша 12 млн. теңгені қайтарған. Судья Эльмира Ойкулова жаза тағайындауда осының барлығын ескергенін және де сотталушыға түзелуге мүмкіндік берілгенін айтты. Н.Жаңбырбаевқа алаяқтық бабы бойынша айып тағылған еді”, – деп жазды журналист Жанат Жақсыбайқызы.
Бұған дейін өңірлік полиция департаменті ер адамның бірнеше алаяқтық эпизодтары бойынша күдікті ретінде өтіп жатқаны хабарланған болатын. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 190-бабы («алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу нұсқасы бойынша, Құрманғазы ауданының тұрғыны инвестиция, IT саласында оқу, аккаунттарды бұғаттан шығару, ақша қаражатын шығаруға көмектесу және техника сату сияқты сылтаулармен адамдарды алдап, ақшасын иемденген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 13 миллион теңгеден асады. Қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын белгілеген еді.
Хакер қалай танылды
Атыраулық хакер Қызылқоға ауданында бір отбасы жоғалып кеткен кезде істі өзінше тергеп, әлеуметтік желілерде кеңінен танылған еді. Сол кезде интернетте ол өзін «атыраулық хакер» деп таныстырған әрі бұл істі өзі тергеп жатқанын айтқан видео тараған. Жарияланымдарында ол болжамды геолокациялар, телефон байланыстары және басқа да деректерді көрсеткен. Бұл видеолар Instagram желісінде тез таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Ал ер адамның өзі бұған дейін Қазақстаннан тыс жерде жүргенін айтқан, Дубайда тұратынын да мәлімдеген.