Еуроодақ Украинаға тағы 45 млрд еуро несие беруді талқылап жатыр
Еуропа одағы елдерінің басшылары Украинаға 2027 жылы қосымша 45 млрд еуро несие беру мәселесін талқылап жатыр. Алайда Киевті қаржыландыруға одақ құрамындағы барлық мемлекеттің қатысуы керек. Осы мәселеге келгенде Еуроодақтың алдағы жеті жылдық бюджетінің көлемі жөнінде тараптар арасында дау туып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
26 қарашада Брюссельде Еуроодақ елдері басшыларының екі күндік арнайы саммиті басталды. Жиында Украинаға қосымша несие беру және Еуроодақтың 2028–2034 жылдарға арналған бюджетін бекіту мәселелері қаралып жатыр. Дипломатиялық және үкіметтік дереккөздердің болжамынша, бюджет жөніндегі түпкілікті келісімге желтоқсанда өтетін саммитте ғана қол жеткізілуі мүмкін. Дегенмен бірқатар мемлекет Украинаға жаңа несие беруді бюджет туралы шешімді күтпей-ақ қолдауға дайын.
Еуроодақ елдері неге келісе алмай отыр
Германия Украинаны ұзақ мерзімді қаржыландыруды Еуроодақтың алдағы жеті жылдық бюджетіне енгізуді және Киевке көмек көрсетуге одақ құрамындағы 27 мемлекеттің барлығы қатысуын талап етіп отыр.
Бұған дейін Украинаға 90 млрд еуро несие беру туралы келісім жасалғанда Венгрия, Словакия және Чехияға оны қаржыландыруға қатыспауға мүмкіндік берілген. Алайда Германия мен бірқатар мемлекет бұл тәжірибенің қайталануына қарсы.
Нидерланд премьер-министрі Роб Йеттен де Германияның ұстанымын қолдады.
«Алдағы жылдары украиналықтарға қосымша әскери және қаржылай қолдау қажет болады. Еуроодақтың бірде-бір елі оған қатысудан бас тарта алмайды», – деді ол саммит басталар алдында.
Ал Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш Украинаға қаржылай көмек көрсету мәселесін Еуроодақтың алдағы бюджетінен бөлек қарастыру қажет деп есептейді. Франция да Киевті қаржыландыру мәселесін одақтың өзге бағдарламаларымен байланыстыруды құптамай отыр.
45 млрд еуро не үшін бөлінеді
Еуропалық комиссия Украинаға қосымша 45 млрд еуро несие беру туралы ұсынысты 18 қарашада жариялаған. Қаражаттың 25 млрд еуроға дейінгі бөлігін қорғаныс саласына, ал 20 млрд еуроға дейінгі бөлігін Украина бюджетін қолдауға бағыттау көзделген.
Еуропалық комиссия әскери көмекті қаржыландыруға қарсы мемлекеттерге несиенің азаматтық қажеттіліктерге арналған бөлігін ғана қаржыландыруды ұсынып отыр.
Киев пен Брюссельдің есебінше, 2027 жылы Украинаға қосымша 70 млрд еуро қажет болады. Жаңа несие осы қаржы тапшылығының үштен екісіне жуығын жабуға мүмкіндік береді. Қалған қаражатты халықаралық серіктестерден тарту жоспарланған.
Жаңа несие мақұлданса, ол Еуроодақтың Украинаға 2026–2027 жылдарға арнап бұған дейін бекіткен 90 млрд еуро көлеміндегі несиесін толықтырады. Осылайша екі несиенің жалпы көлемі 135 млрд еуроға жетпек.
Еуроодақ қажетті қаражатты өз бюджетінің кепілдігімен халықаралық қаржы нарықтарынан тартуды жоспарлап отыр. Украина несиенің негізгі сомасын Ресейден соғыс шығыны үшін өтемақы алғаннан кейін қайтаруға тиіс. Алайда Мәскеу өтемақы төлеген-төлемегеніне қарамастан, Еуроодақтың инвесторлар алдындағы қаржылық міндеттемелері сақталады.