Қазақстанда парақорды ұстап бергендер 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған азаматтар мемлекеттен 17,3 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы ала алады. Сыйақының мөлшері жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығына, параның немесе мемлекетке келтірілген залалдың көлеміне байланысты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі азаматтардың қандай жағдайда және қалай сыйақы ала алатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мемлекет парақорды әшкерелегендерге қанша ақша төлейді?
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға құқық бұзушылықтың санатына қарай мынадай мөлшерде сыйақы беріледі:
-
Әкімшілік құқық бұзушылық – 129 750 теңге;
-
Онша ауыр емес қылмыс – 173 000 теңге;
-
Ауырлығы орташа қылмыс – 216 250 теңге;
-
Ауыр қылмыс – 302 750 теңге;
-
Аса ауыр қылмыс – 432 500 теңге.
Ал параның немесе келтірілген залалдың көлемі 4 млн 325 мың теңгеден асса, азаматқа сол соманың 10 пайызы мөлшерінде сыйақы берілуі мүмкін. Алайда төлемнің ең жоғары мөлшері 17,3 млн теңгеден аспайды.
Мәселен, азамат 50 млн теңге көлемінде пара алу фактісі туралы хабарласа және бұл қылмыс сотта дәлелденсе, оған 5 млн теңге сыйақы берілуі мүмкін.
ҰҚК мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 61 азаматқа жалпы сомасы 24,2 млн теңге сыйақы төленген.
Сыйақыны қалай алуға болады және ол кімдерге берілмейді
Азамат алдымен сыбайлас жемқорлық фактісі туралы уәкілетті органға хабарлауы керек. Іс бойынша сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін азамат ақшалай сыйақы алу үшін өтініш бере алады. Ол үшін жеке куәлігі мен теңгемен ашылған банк шоты туралы анықтаманы ұсынуы қажет.
Арнайы комиссия сыйақы беру туралы шешімді 15 жұмыс күні ішінде қабылдайды. Тиісті бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде қаражат азаматтың банк шотына аударылады.
Алайда сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтардың барлығы бірдей сыйақы ала алмайды. Атап айтқанда, жалған ақпарат бергендерге, қылмыс жасауға қатысқан адамдарға, құқық қорғау органдарымен құпия негізде ынтымақтасатын азаматтарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау қызметтік міндетіне кіретін мемлекеттік қызметшілерге ақшалай сыйақы төленбейді.