Михаил Шайдоров жаңа марапатқа ие болды
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) ең жоғары марапатына ие болды, деп хабарлайды Tizgin.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
25 қарашада Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті Бас ассамблеясының жыл сайынғы өтетін шарасында ҰОК президенті Геннадий Головкин отандық спорт пен олимпиадалық қозғалыстың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің ең жоғары марапаты – ҰОК орденімен 2026 жылы еліміздің тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров марапатталды», – деп мәлімдеді комитеттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, осы отырыста өзге де спорт қайраткерлеріне марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, Данияр Қасқарауов «Қазақстан Республикасының олимпиадалық қозғалысына еңбек сіңірген қайраткер» І дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды. Ал ауыр атлеттер Александр Уваров пен Алексей Чуркин, сондай-ақ 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының таеквондодан чемпионы Тамирлан Тілеулес ІІ дәрежелі құрмет белгісіне ие болды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астанада мұз айдындарының тапшы екенін айтқан еді.