Қаржы

Өтемақы қорында 9 млрд теңгеге жуық қаражат бар: жәбірленушілерге қанша төленді

Қазақстанда жәбірленушілерге өтемақы қоры құрылғалы шамамен 9,8 млрд теңге түскен. Дегенмен осы уақытқа шейін қылмыстан зардап шеккен 5,6 мыңнан астам адамға 886,4 млн теңге ғана төленген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қорға жиналған қаражат

Бұл жөнінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев депутаттар сауалына берген жауабында мәлімдеді. Министрлік ақпаратынша, 2018 жылдан биыл 31 қазанға дейін қорға 9 млрд 774,9 млн теңге түскен. Оның 5 669 жәбірленушіге төленген сомасы 886,4 млн теңге мөлшерінде. Ал биыл 1 қарашадағы жағдайға сәйкес қорда 8 млрд 888,5 млн теңге қалды.

Түскен соманың негізгі бөлігі, яғни 9,2 млрд теңгесі сот өндіріп алатын мәжбүрлі төлемдерден құралған. Тағы 116,4 млн теңге регрестік өндіріп алу арқылы түскен.

Өтемақы алу қанша уақытқа созылады

Қаржы министрлігіндегілер өтемақы төлеу барысының әр кезеңіне түрлі мемлекеттік орган жауапты екенін алға тартты. Нақтысында, өтемақы тағайындау туралы шешімді Қаржы министрлігі емес, қылмыстық қудалау міндеттерін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қабылдайды. Олар жәбірленушілерге өтемақы алу құқығын түсіндіріп, төлем алушылар тізімін Қаржы министрлігіне жолдайды. Ал министрлік осы тізім негізінде төлем құжаттарын әзірлеп, ақшанны тұрғындардың банк шоттарына аударады. Заңға сәйкес Қаржы министрлігі тізілімді алған соң 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей өтемақы төлеуі тиіс. Бірақ бұл мерзім өтініш берген сәттен бастап есептелмейді.

«Жәбірленушінің өтініш беруінен Тізілім келіп түсетін уақыт алдыңғы рәсімдермен айқындалатын көрінеді. Сол себепті өтемақы алудың жалпы ұзақтығы мәселесі оны тағайындау туралы шешім қабылдайтын органдармен бірлесіп қарауды талап етеді», – делінген министр жауабында.

Өтемақы мөлшері өзгеріссіз қала ма

Депутаттардың өтемақы көлемін көбейту туралы мәселесіне қатысты министрлік қолданыстағы төлем мөлшерлеріне тоқталған. Қылмыстық кодекстің 98-2-бабына сәйкес, қорға аударылатын мәжбүрлі төлемдер 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін белгіленген. Қаржы министрлігі ақпаратынша, өтемақы көлемін арттыру үшін ттөлем мөлшерін ғана өзгерту аздық етеді. Мұны Қылмыстық кодексте көрсетілген мәжбүрлі төлемдер көлемін қайта қараумен кешенді түрде қарау қажет.

Деректер қате көрсетілсе, қайтпек керек

Министрлік өкілдері төлемдерді қалыптастырып, аудару жағын қазір «е-Минфин» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізетінін хабарлады. Бұдан бөлек, өтемақы алушылар туралы деректер қате көрсетілсе төлемдер кері қайтарылуы мүмкін. Мұндайда қылмыстық қудалау органдары мәліметтерді түзетіп, азаматтарды келесі төлем тізіміне енгізеді.

Министрлік өтемақыны негізсіз тағайындап, алушылар деректерін тізілімде қате көрсету үшін тиісті қылмыстық қудалау органдарының басшылары жауапты екенін мәлімдеді.

Back to top button