TOP-1Жаңалықтар

Фастфуд пен энергетик: Қазақстанда балалар арасында қант диабеті көбейіп барады

Қазақстанда әр алтыншы баланың артық салмағы бар, ал балалардың қант диабетіне шалдығу көрсеткіші кейінгі бес жылда шамамен 1,5 есе өскен. Дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, фастфуд пен құрамында қанты көп сусындарды жиі тұтыну балалардың денсаулығына қауіп төндіретін негізгі факторлардың қатарында, деп хабарлайды Tizgin.kz Ranking.kz дерегіне сүйеніп.

Қазақстанда кейінгі уақытта балалардың денсаулығына зиян келтіретін тағамдар мен энергетикалық сусындарға қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрамында трансмайлар мен қант мөлшері шамадан тыс көп өнімдердің агрессивті жарнамасына қатысты шара қабылдауды тапсырған болатын.

Қыркүйекте Денсаулық сақтау министрлігі құрамында тұз, қант және трансмайлар көп тағамдарды телеарналарда, радиода, әлеуметтік желілерде және сыртқы жарнама арқылы насихаттауға тыйым салуды көздейтін заңнамалық ұсыныстар әзірленгенін мәлімдеді. Ал қараша айының соңында «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салуды ұсынған петиция жариялады.

Қазақстанда әр алтыншы баланың артық салмағы бар

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда эндокриндік аурулар, тамақтану және зат алмасу бұзылыстары бойынша 125,7 мың бала медициналық есепте тұрған. Бір жылдың ішінде олардың саны 20,6%-ға артқан. Бұдан бөлек, ас қорыту жүйесінің аурулары бойынша 599,5 мың бала дәрігерлердің бақылауында болған.

Дүниежүзілік семіздік федерациясының (World Obesity Federation) 2024 жылғы дерегіне сәйкес, қазақстандық балалардың 16,5%-ында артық салмақ, ал 6,5%-ында семіздік анықталған. Бұл мәселе ұлдар арасында жиі кездеседі. Ұл балалардың 19,6%-ында артық салмақ, 7,2%-ында семіздік болса, қыздар арасында бұл көрсеткіш тиісінше 13,4% және 5,6%-ды құраған. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы жағдай алаңдатады. 2025 жылы 15–17 жастағы балалардың семіздікке шалдығу көрсеткіші ересектермен салыстырғанда екі еседен астам жоғары болған. Әр 100 мың жасөспірімге 82,1 жағдайдан келсе, ересектер арасында бұл көрсеткіш 37,5-ті құраған.

Қала мен ауыл балаларының арасында да айтарлықтай айырмашылық бар. Қалаларда әр 100 мың жасөспірімге семіздікке шалдыққан 100,6 баладан келсе, ауылдарда бұл көрсеткіш 52,5-ке тең. Бұған фастфудтың қолжетімділігі, тамақ жеткізу қызметінің кең таралуы, зиянды тағамдардың жарнамасы және қимыл-қозғалыстың аздығы ықпал етуі мүмкін.

2025 жылы жасөспірімдердің семіздікке шалдығу көрсеткіші ең жоғары өңірлер:

  • Шымкент – 310;

  • Маңғыстау облысы – 281,4;

  • Шығыс Қазақстан облысы – 249,8.

Бұл – әр 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш. Ал Шымкентпен көршілес Түркістан облысында бұл көрсеткіш небәрі 18,9 болған. Сарапшылар мұндай үлкен айырмашылық өңірлердегі ауруды анықтау және диагностикалау деңгейіне де байланысты болуы мүмкін екенін айтады.

Балалар арасында қант диабеті көбейіп келеді

2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасындағы деректерге сәйкес, еліміздегі жасөспірімдердің 42,6%-ы энергетикалық сусындар тұтынады. Әр бесінші жасөспірім мұндай сусындарды апта сайын ішсе, 3%-ы күн сайын тұтынады.

Құрамында қант пен кофеин мөлшері көп энергетикалық сусындарды жиі ішу, әсіресе оларды фастфудпен және тәтті тағамдармен бірге тұтыну балалардың зат алмасу жүйесіне, жүрек-қан тамырларының саулығына кері әсер етуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сүйенсек, кейінгі бес жылда 14 жасқа дейінгі балалардың қант диабетіне шалдығу көрсеткіші 1,5 есе өскен. 2021 жылы әр 100 мың балаға 15 жағдайдан келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,9-ға жеткен. Ал 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында қант диабетіне шалдығу көрсеткіші 49,6%-ға артқан.

Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – бұрын балалар арасында сирек кездесетін екінші типтегі қант диабетінің үлесі артып келеді. Аурудың бұл түрінің даму қаупі артық салмақпен, дұрыс тамақтанбаумен және дене белсенділігінің төмендігімен тығыз байланысты. Қант диабетіне шалдығу көрсеткіші де ауылға қарағанда қала балалары арасында жоғары. Мәселен, 15–17 жастағы әр 100 мың жасөспірімге шаққанда қалаларда 47,8 жағдай тіркелсе, ауылдарда бұл көрсеткіш 22,1-ді құраған.

Әрине, ауру көрсеткіштерінің өсуіне диагностика сапасының жақсаруы да әсер етуі мүмкін. Дегенмен балалар арасында артық салмақтың кең таралуы, қимыл-қозғалыстың азаюы және дұрыс тамақтанбау мәселесі ұзақ мерзімді қауіп төндіріп отыр.

Балалық шақта пайда болған семіздік пен зат алмасу бұзылыстары есейген кезде жүрек-қан тамырлары, бүйрек аурулары мен қан қысымының жоғарылау қаупін арттырады. Сондықтан балаларды зиянды тағамдардан қорғау мәселесі енді тек ата-аналардың жауапкершілігі емес, мемлекеттің денсаулық сақтау саясаты мен болашақтағы бюджет шығындарына тікелей қатысты мәселеге айналып отыр.

Back to top button