Скляр бастаған комиссия мемлекеттік басқару реформасына кіріседі
Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспары әзірленеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойып, осы мәселемен айналысатын комиссияның құрамын бекітті. Комиссияны Президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр басқарады, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Комиссия немен айналысады
Президент жанындағы Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары мен тәсілдерін айқындаумен айналысады. Сондай-ақ комиссия Қазақстандағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуге қажетті жүйелі ұсыныстарды қарайды.
Комиссияның жұмыс органы болып Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді. Комиссия отырыстарына орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдері қатыстырылуы мүмкін.
Комиссия құрамына кімдер кірді
Мемлекет басшысы бекіткен комиссия құрамына 21 адам кірді. Олардың арасында Президент Әкімшілігінің басшылығы, премьер-министрдің үш орынбасары, төрт өңірдің әкімі, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері бар.
Комиссияның толық құрамы:
-
Роман Скляр – Президент Әкімшілігінің басшысы, комиссия төрағасы;
-
Әсет Ерғалиев – Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары;
-
Әлихан Смайылов – Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы;
-
Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы;
-
Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі;
-
Жаслан Мәдиев – премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі;
-
Ержан Жиенбаев – Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары;
-
Қуанышбек Есекеев – Президенттің көмекшісі;
-
Дархан Жазықбай – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы;
-
Ерлан Сәрсембаев – әділет министрі;
-
Жеңіс Қасымбек – Астана қаласының әкімі;
-
Марат Ахметжанов – Ақмола облысының әкімі;
-
Дархан Сатыбалды – Алматы қаласының әкімі;
-
Болат Ақшолақов – Атырау облысының әкімі;
-
Шахмардан Байманов – Құрылтай депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі;
-
Сұңғат Есімханов – Құрылтай депутаты, Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті төрағасының орынбасары;
-
Шолпан Каринова – Құрылтай депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі;
-
Екатерина Смышляева – Құрылтай депутаты, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті төрағасының орынбасары;
-
Андрей Лукин – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі;
-
Бағдат Мусин – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі;
-
Айгүл Шайымова – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары, комиссия хатшысы.