Қазақстанның 13 облысында жол тайғақ болуы мүмкін – «ҚазАвтоЖол» ескерту жасады
Қазақстанның 13 облысында 26 қараша күні қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде қар жауады деп болжанып отыр. Осыған байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың жекелеген учаскелерінде көру қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, бүгін Ақмола, Абай, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр, кей жерлерде қар жауады деп күтіледі.
Ауа райының қолайсыздығы аталған өңірлердегі республикалық автожолдарда көлік қозғалысын қиындатуы мүмкін.
Жүргізушілерге қандай ескерту жасалды
Ұлттық компания жүргізушілерге ауа райы мен жол жағдайын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, жылдамдықты жол жағдайына қарай таңдауға және оқыс маневр жасамауға кеңес берді.
Республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы алуға болады.