Жаңалықтар

«Айнала толған мәмбет»: Астанада депутаттыққа кандидаттың басы дауға қалды

Астанада мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидат, саясаттанушы Владислав Сергеевтің атынан тараған аудиожазба қоғамда дау туғызды. Жазбада елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданындағы тұрғындарды кемсітетін сөздер айтылған. Алайда Сергеев аудиожазбадағы дауыс өзінікі емес екенін мәлімдеп, полицияға арыз жазғанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Даулы аудиожазбада не айтылған

Threads әлеуметтік желісінде өзін волонтер ретінде таныстырған қолданушы аудиожазба жариялады. Оның айтуынша, бұл дауыстық хабарламаны Владислав Сергеев волонтерлердің жұмысын үйлестіретін кураторға жіберген. Аудиожазбада сөйлеген адам волонтерлерге сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді және тұрғындармен қазақ тілінде сөйлесуді тапсырады. Сондай-ақ ол Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданын Шымкентке теңеп, жергілікті тұрғындарға қатысты кемсітетін сөздер айтады.

«Ертең маған мәселе туындағаны керек емес. Маған жақсы сайлаушылар керек. Волонтерлерге жаман ақша төлеп жатқан жоқпыз ғой. Халықпен қазақша жақсы сөйлессін. Өзің білесің, Оңтүстік-Шығыс деген екінші Шымкент сияқты. Айнала толған мәмбет. Орыс тілін дұрыс түсінбейді. Маған дәл осы ауданды бөліп бергені ашуыма тиеді», – делінген аудиожазбада.

Жазбаны жариялаған қолданушының болжамынша, куратор дауыстық хабарламаны соңына дейін тыңдамай, волонтерлердің ортақ чатына жіберіп қойған.

«Кураторлар аудионы чатқа жібермес бұрын өздері соңына дейін тыңдамаған сияқты. Дегенмен мұны естіп, кандидат Владислав Сергеевтің Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданының тұрғындары туралы не ойлайтынын білгеніміз жақсы болды», – деп жазды ол.

Владислав Сергеев не дейді

Владислав Сергеев әлеуметтік желіде тараған аудиожазбаға қатысты мәлімдеме жасап, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Саясаттанушы мұны жала деп атап, Астананың Нұра аудандық полиция басқармасына арыз жазғанын хабарлады.

«Бүгін түстен кейін жала жабатын, өтірік ақпарат – менің дауысым емес аудиожазба жарияланды. Бұл менің дауысым емес. Бұл – жалған әрі шындыққа мүлдем сәйкес келмейтін ақпарат. Сондықтан қазір Астананың Нұра аудандық полиция басқармасына барып, арыз жаздым. Мені қолдаған барлық тұрғынға, бірінші округіміздің сайлаушыларына, журналистер мен блогерлерге алғыс айтамын. Мен бірінші округтен мәслихат депутаты болдым. Қазір кандидатпын», – деді Сергеев.

Владислав Сергеев Астана қаласы мәслихатының депутаттығына №1 бірмандатты сайлау округі бойынша ұсынылған. Округтің орталығы Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Майқайың көшесі, 1 мекенжайында орналасқан №70 мектеп-лицейінде белгіленген.

Сергеев бұған дейін де мәслихат депутаты болған. Ол 2023 жылдың наурызында AMANAT партиясынан VIII шақырылымдағы мәслихат депутаты болып сайланған. Мәслихатта құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияны басқарған.

Айта кетейік, Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Ел бойынша 228 мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайлануға тиіс.

Back to top button