Шетелде демалған қазақстандықтар қандай инфекция жұқтырып жатыр
Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері денге қызбасының 14 және безгектің бес жағдайы тіркелді. Аталған инфекцияларды қазақстандықтар шетелге саяхаттау кезінде жұқтырып келген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қазақстандықтар денге қызбасын қай елдерде жұқтырған
Вьетнамдағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты журналистер комитет төрағасынан Қазақстанда денге қызбасының тіркелуіне қатысты сұрақ қойды. Сархат Бейсенованың айтуынша, жыл басынан бері елімізде денге қызбасының шетелден әкелінген 14 жағдайы анықталған. Науқастардың басым бөлігі Алматы мен Астанада тіркелген.
Алматыда тіркелген науқастар инфекцияны мына елдерде жұқтырған:
-
Мальдив аралдары – 7 жағдай;
-
Вьетнам – 2 жағдай;
-
Үндістан – 1 жағдай;
-
Біріккен Араб Әмірліктері (Дубай) – 1 жағдай.
Ал Астанада денге қызбасы анықталған тұрғындар Вьетнам мен Индонезияда демалған. Қостанай облысында тіркелген тағы бір жағдай Вьетнамға жасалған сапармен байланысты.
Денге қызбасы қандай ауру
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, денге қызбасы – негізінен Aedes тұқымдасына жататын жұқтырған масалардың шағуы арқылы таралатын вирустық инфекция. Ауру көбіне тропикалық және субтропикалық аймақтарда кездеседі.
Аурудың негізгі белгілері:
-
дене қызуының көтерілуі;
-
бастың қатты ауыруы;
-
көздің артқы тұсының ауыруы;
-
бұлшықеттер мен буындардың сырқырауы;
-
жүрек айнуы;
-
теріге бөртпе шығуы.
Көп жағдайда инфекция симптомсыз немесе жеңіл түрде өтеді. Алайда кейбір науқастарда ауру асқынып, қан кетуіне және өміріне қауіп төнуіне әкелуі мүмкін.
«Инфекциялық, әсіресе аса қауіпті аурулар тіркелетін елдерге сапар шегер алдында алдын ала дайындалып, барлық сақтық шараларын сақтауға кеңес береміз», – деді Сархат Бейсенова.
Қазақстанда безгектің бес жағдайы тіркелген
Жыл басынан бері елімізде шетелден әкелінген безгектің бес жағдайы анықталған. Оның төртеуі Алматыда, біреуі Астанада тіркелген.
«Оның төрт жағдайы – тропикалық безгек, біреуі – үш күндік безгек. Барлығы зертханалық жолмен расталды», – деді комитет төрағасы.
Науқастар Уганда, Гана, Габон, Танзанияның Занзибар аралы мен Вьетнамға саяхаттаған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, денге қызбасын Aedes aegypti және Aedes albopictus масалары таратады. Мамандар Қазақстанның климаттық жағдайы масалардың аталған түрлерінің тұрақты мекендеуіне қолайсыз екенін атап өтті. Сондықтан министрлік ел ішінде денге қызбасының таралу қаупі жоқ деп мәлімдеген.